Төрт жыл бұрынғы қылмысы үшін қамалды

413

Төрт жыл бұрын адам өлтірмек болған күдікті құрықталды. Арыс қаласының тұрғындары 2014 жылы жасалған қылмыс туралы тәртіп сақшыларына енді ғана хабарлаған.

2014 жылдың ақпан айында екі көрші арасындағы дау топтанып, соңы төбелесуге жалғасқан. Арыс қаласының шеткері жағына шығып, көлікке мінген жігіттер екі топ болып, өзара жұдырықтасуды шешіпті. Жанжал кезінде бірі автокөлігінен атыс мылтығын алып шығып, қарсы жақтың жігіттеріне қарап оқ атқан. Оқиға орнында Н. есімді жігіттің қолы мен аяғына оқ тиіп, жараланған. Осыдан кейін ғана ес жиған олар үйлеріне тарап кеткен. Жарқаттанған жігіт ешқайда шағымданбаған. Жабулы қазан жабулы күйінде қалыпты. Тек төрт жылдан кейін ғана қыркүйек айының басында жәбірленуші Н.есімді азамат Арыс аудандық ІІБ на арызданып келген. Қолында 2014 жылдың ақпан айында атыс қаруынан жарақат алғаны туралы медициналық анықтамасы бар көрінеді.

Тәртіп сақшылары күдіктіні анықтады. 1985 жылы туған Арыс қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Бұрын бір емес, бірнеше рет сотты болған. Арыс аудандық сотының санкциясымен күдіктіні екі ай мерзімге қамауға алу туралы қаулы шықты. Ол ҚР ҚК нің 24 ші, 99 баптары, яғни қасақана кісі өлтіруге ұмтылу бабымен айыпталуда.

 

Жанар Есенбекова