Таулы мекен Түлкібас ауданына – 90 жыл!

1392

Таулы мекен Түлкібас ауданы 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп тойлады. Таңертеңнен Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылының кіре берісі адамдарға лық толды. Арасында Түлкібаста туып, ауданды түлеткен танымал тұлғалар, өңірдің бетке ұстар азаматтары, зиялы қауым өкілдері мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар бар. Мерекелік іс-шара қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Салтанатты рәсімнен соң аудан әкімі Нұрбол Тұрашбек жиналған қауымды атаулы күнмен құттықтап, ата-баба өсиетін естен шығармай, бірлікте өмір сүруге шақырды.

Алманың Отаны саналатын Түлкібас ауданы 1928 жылы 17 қаңтарда құрылған. Қасиетті мекенде талай тарландар табанының ізін қалдырған. Батыр Бауыржан Момышұлы, сөз зергері Шерхан Мұртаза осы жердің тумалары. Мархабат Байғұт, Мекемтас Мырзахметовтар өз жазбаларымен Түлкібасты әлі де түлетіп келеді. Осы жолы да мереке төрінен табылып, тілектерін жеткізді.

Мекемтеас Мырзахметұлы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы: «Мен аудан құрылған жылы өмірге келгенмін. Яғни, Түлкібаспен құрдаспын. 90 жыл деген аз емес. Осы уақыт аралығында аудан қатты өзгерді. Бірақ сол Кеңес үкіметінің кезінде-ақ алдыңғы қатардағы мекен болатын. Әлі де солай. Дамып келе жатыр. Қаладан кем емес. Қазақстанда мұндай тамаша жер жоқ. Мерейтой құтты болсын. Ауданымыз жайнай берсін».

Мерекелік шара Түлкібас темір жол станциясында жалғасты.

Ол жерде қазақ халқының біртуар азаматтары, тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышпаев пен Тұрар Рысқұловқа арнап салынған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті

.

Демеушілердің есебінен бой көтерген ескерткіштің ашылуында Т. Рысқұловтың туғандары, зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, өткен тариқа шолу жасады.

Әлия Әділбек