“7-20-25»: қала әкімдігі тұрғындардың баспаналы болуына жағдай жасауда

305

Қазіргі таңда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қолдауымен шымкенттіктердің баспаналы болуға мүмкіндігі жоғарылай түсті. Таяуда ғана Шымкент қаласының әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ арасында жасалған меморандум түзілген болатын.

Ол меморандумға сәйкес бұдан былай бюджеттік салада істейтін әлеуметтік қызметкерлерге «7-20-25» бағдарламасы арқылы берілетін баспана құнының бастапқы 20% жарнасының жартысына әкімдік тарапынан қайтарымды негізде субсидия берілмек.

Субсидия III және IV класты, шаршы метрінің құны 140-180 мың теңге аралығындағы үйлерге ғана беріледі және кейін қайтарылады. Осылайша үшінші мегаполистің дамуына «Баспана» ипотекалық компаниясы да мейлінше үлес қосуға ықыласты.

Қуаныштысы сол, биылдың өзінде Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы арқылы 500 отбасы жаңа пәтерге кіреді деп күтілуде. Ал келесі жылы – 1 500 отбасы. Бұл ретте Шымкент қаласындағы тұрғын үй құрылысына «Баспана» ипотекалық компаниясы тарапынан 20 млрд теңге бөлінбек.

Шымкент қаласының әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық компаниясы арасындағы меморандум аясында «Жас Арман» және «Қамқор» тұрғын үймен қамту жобасы қолға алынды. Ондағы ерекшелік – «Жас арман» арқылы қала жастары және 21-36 жас аралығын қамтитын отбасылар баспанаға қол жеткізе алады. Ал «Қамқор» мемлекеттік және бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге арналады.

Толығырақ мәліметтерді «7-20-25» бағдарламасының негізгі операторы – baspana72025.kz сайтынан және Ұлттық банктің (nationalbank.kz) сайтынан білуге болады.

shymkent.gov.kz