Аналар кеңесінің мүшелері Түркістанда бас қосты

677

Бүгін Түркістан қалалық мәдениет үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Аналар – шаңырақ шуағы» іс-шарасы өтті. Жиынға ҚХА қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, облысымыздың аудан, қалаларындағы Аналар кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері және студенттер қатысты.

Басқосуда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, ұлттық дәстүр негізінде отбасы құндылықтары дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелер талқылау мен ұсыныстар әзірлеу, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өзара сыйластық пен татулық, мейірімділік, бірлік пен келісім секілді елдігіміздің тірегі болған құндылықтарды кеңінен насихаттау жайы қаралды.

Іс-шараны облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Балхия Көмекбаева ашып, жүргізіп отырды. Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің доценті, жеке кәсіпкер Гүлсара Тоққұлова, Мақтарал аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Рахилла Басымбекова, Шардара аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Зейнедилова Ұлдықыз тақырып аясынба баяндама жасап, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігіне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Айта кету керек, бүгінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында консультативтiк-кеңесшi орган ретiнде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде 200-ге жуық Аналар кеңесі жұмыс істейті. Кеңес мүшелері ажырасудың алдын алу мен отбасыдағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде iс-шаралар ұйымдастырып келеді.