Мал бордақылаудың пайдасы мол

470
 Фото Қуаныш Әуелбеков

Жетісай ауданында шағын мал бордақылау алаңдарының қатары жыл санап артып келеді. Солардың бірі – Атамекен ауыл округі Талапты елдімекеніндегі «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы. Аталған қожалықта бүгінде 50 жылқы мен 10 ірі қара мал бордақылануда. Осы шаруашылықта өндірілген ет өнімдерін негізінен Жетісай қаласы мен Атамекен ауыл округінің халқы тұтынады.

Қожалық төрайымы Ақтай Байбақова бұл кәсіпті осыдан 7-8 жыл бұрын қолға алыпты. Бордақыланатын малдың жем-шөбі қожалықтың өзінде әзірленеді екен. Биыл қожалық 3 гектар жүгері мен 3 гектар жоңышқа еккен. «Жем-шөп өзімізде әзірленгендіктен шығын да көп кете қоймайды» дейді қожалық төрайымы.

Қазіргі таңда қожалықтың мал бордақылау алаңында 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы алдағы уақытта мал бордақылау алаңын ұлғайту үшін асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта жыл соңына дейін облысымыздағы қаржы ұйымдарынан несие алу үшін қажетті құжаттарды әзірлеп жатыр екен.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі