Мал бордақылау ісін табыс көзіне айналдырған

100

Бүгінде мал шаруашылығын дамыту өңірлік бағдарламасының шапағатын көріп отырған ауыл тұрғындары баршылық. Олардың қатарында Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының азаматтары да бар. Бұл салада тәжірибесі мол шаруалар, үй іргелік жерде мал бордақылау және сүтті бағыттағы ірі қара малды ұстау табысты кәсіп дейді.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Икрамжан Әбдіғаниев ауласында ірі қара мал ұстайды. Етті және сүтті бағыттағы төрт түлікті бағып, күту міндеті отағасының ұлына жүктелген. Ірі қара малды шаруа мал базарынан сатып алады. Кәсіп иесі ет өнімін Шымкенттен бөлек Астана, Алматы, Жамбыл қалаларындағы базарларға өткізеді

Икрамжан Әбдіғаниев, Қарабұлақ ауылының тұрғыны: «2003 жылдан бері мал бордақылаумен айналысамыз, шөп биыл арзан,  жемді сатып аламыз. Несие алғанбыз 18-20 пайыз мөлшерлемемен».

Сайрам ауданы бойынша ағымдағы жылдың 7 айында ірі қара малдың саны 251,8 мың басқа жеткен, өсім 105,2 пайызды құрады. Есепті мерзімде тірі салмақта 20,85 мың тонна ет, 93,1 мың тонна сүт, өндірілген. Үй іргелік жерде сүтті бағыттағы ірі қара малды бағу кәсібі бүгінде ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихатталуда.
«Үлкен ұлым мен немерелерім көмектеседі. Ветеринарлар да жақсы келіп кеңестер беріп малды қарап кетеді»,-дейді шаруа

Есепті мерзімде ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2 973,6 млн.теңгені құрады, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 142,4%. Оның ішінде, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 546,5 млн.теңгені құрап отыр.