Жамбыл облысынан келген ардагерлер делегациясы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қабылдауында болып, көрші облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің сәлемін жеткізді.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Дауылбаев бастаған делегация құрамында Еркінбек Солтыбаев, Қатира Аққұлиева, Жандар Кәрібаев, Орынбай Рахманбердиев сынды елге сыйлы ардагерлер бар. Шаһар басшысы Әулиеатадан келген ардагерлерге Шымкенттің даму бағытын таныстырды.
Шымкенттің бұған дейін бекітілген Бас жоспары негізінде және оны жаңа жобалармен толықтыра отырып, шаһардың екі бағытта дамуына күш салып жатырмыз. Оның бірі Ескі шаһар аумағындағы жұмыстар болса, екіншісі – Тұран шағынауданындағы «Shymkent City» жобасы, — деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Қала әкімі Ескі шаһар аумағындағы Цитадельді тарихи жәдігер ретінде сақтап қалу мақсатын, ондағы қазба жұмыстарының нәтижесін, Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру ісін баяндады. Жамбылдық ардагерлер Қонаев даңғылы Шымқаланың Ташкентке шығатын екінші күре тамырына айналатынын естіп, Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін абыроймен алып шығуына тілеулестік білдірді.
– Біз бұл жетістіктерге Мемлекет басшысының сарабдал саясатын ұстана отырып жеттік. Отанға адал қызмет еттік. Тарихымызды қадірлеп, салт-дәстүрімізді, тілімізді сақтадық. Рухани жаңғыру деген осы, — дейді жамбылдық ардагерлер.
Жиын соңында қос тарап естелік сыйлықтармен алмасып, Жамбылдық делегация Шымкенттегі сапарын «Отырар» кітапханасын аралаумен қорытындылады.