Түркістан облысында 500 мың тоннаға жуық көкөніс шетелге экспортталған

239
inform.kz/

Түркістан облысындағы егістік жердің көлемі 807,4 мың гектарға жеткен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрбек Бадырақовтың сөзінше, мұндай жетістікке шаруалар өңірде «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асырудың арқасында жетіп отыр.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту жөнінде нақты міндеттер қойып отыр. Осы ретте аталған саладағы өнім көлемін арттыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда. Мәселен, биыл масақты дәнді дақылдардың егіс көлемі 23 мың гектарға артып 227 мыңға, дәндік жүгері 7 мың гектарға артып, 44,3 мыңға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 7,5 мың гектарға артып, 114 мың гектарға жетіп отыр», – деді Нұрбек Бадырақов.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан 1 литрі 158 теңгеден 40,2 мың тонна жанар-жағармай бөлінгенін атап өтті.

«Бүгінге дейін жанар-жағармайдың 28,7 мың тоннасы нарықтағы бағадан 27 теңгеге арзандатылып, агроқұрылымдарға бөлінген. Одан бөлек, 50 пайыз жеңілдікпен агроқұрылымдарға 80 мың тонна минералды тыңайтқыштар бөлінді. Оның 75 мың тоннасы шаруаларға үлестірілген»,-деді Нұрбек Бадырақов.

Айта кетсек, биылғы жылы ауа райының қуаңшылық болғанына қарамастан, диқандардың еселі еңбегінің арқасында масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 17,8 центнерден 405 мың тонна өнім жиналған. Қазіргі таңда күріштен басқа дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары толығымен аяқталған.

Күріштің 65 пайызы орылып, ақмаржан тоннасы 12 мыңға жеткен. Мақта дақылының гектарынан түсімділігі 25 центнерден, 195,5 мың тонна өнім жиналды. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,8 млн. тонна өнім алынып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Оның ішінде, 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталған.