Түркістан облысында 8 медициналық нысанның құрылысы басталады

245
24.kz

Түркістан облысында келер жылы 8 медициналық нысанның құрылысы басталады, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл туралы аймаққа арнайы барған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Алдымен жергілікті емханалардың біріне аялдаған сала басшысы өз әріптестеріне Елбасы Жолдауындағы негізгі міндеттерді жан-жақты түсіндірді.

Мұнан соң облыс әкімімен бірге қаладағы жоғары медицина колледжінде болып, студенттермен жүздесті. Арнайы жабдықталған бөлмелерді аралап, болашақ дәрігерлердің тәжірибе жұмыстарын көрді. Министр келер жылдан бастап облыс аудандарында соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған жаңа емханалар бой көтеретінін атап өтті. Және облыстық перинаталдық орталық жанынан ана мен балаға арналған 150 орындық ғимарат салынады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Қызыққан инвесторлар бар. Біз сол инвесторлармен және халықаралық қаржы ұйымдарымен, еуропалық даму банкімен жұмыс бастадық. Осы жылдың аяғына дейін қажетті меморандумға қол қойып, жаңа ғимараттар мен медициналық нысандарды жоспарлау жұмыстары басталады».