Түркістанда мемлекеттік қызмет мектебі ашылды

386

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен Түркістан қаласында орналасқан Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да Мемлекеттік қызмет мектебі ашылды.

Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Президенті Б.Абдрасилов, «Сырдария» университетінің ректоры С.Дайырбеков, сондай-ақ департамент қызметкерлері, университет ұжымы мен студенттер қатысты.

Кездесуде сөз алған Департамент басшысы  Ғ.Тұрсынбаев еліміздің кемел болашағы жастармен байланысты екенін Елбасы ескеріп, «2019 жыл – Жастар жылы» деп жарияланғанын тілге тиек етті.

Мемлекеттік қызмет мектебінің мақсаты – мемлекеттік қызметке ең мықты, білімді, білікті, патриоттық сезімі жоғары жастарды тарта отырып, Агенттіктің  тарапынан заң аясында қолдау көрсетіп, оларды мемлекеттік қызметке орналастыруға ықпал жасау.

Университет Президенті Болатбек Серікбайұлы Агенттік тарапынан  студенттерді қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, оқу орны тарапынан аталған мектепке ең лайықты студенттер іріктелгенін атап өтті.

Мемлекеттік қызметшілер мектебінің ашылу рәсімінен кейін университет президенті мен Департамент басшысы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі