Заманауи құрылғының көмегі көп

452

Сарыағаш ауданындағы орталық аурухана тағы бір заманауи құрылғымен толықты. Компьютерлік томография ауылдағы ағайынның Астана, облыс орталығына сабылуын азайтады. Яғни, диагнозды жергілікті ауруханада анықтауға мүмкіндік береді.

Сарыағаш орталық ауруханасында орнатылған компьютерлік томографияның жұмысымен өңір басшысының өзі танысты. Томография орталығын саланатты түрде ашып беріп, сарыағаштық дәрігерлерге 3 автокөліктің кілтін тапсырды. Бұл игілікті істердің бәрі Елбасының медицина саласына жасаған қолдауының нәтижесі. Енді Сарыағаш, ауданының тұрғындары жергілікті жерде ем дом қабылдай алады.

Заманауи құрылғыда жұмыс істеуді меңгеру үшін Расул Насыров арнайы курстарды тәмамдады. «Компьютерлік томограф адамның азғасы мен дене мүшесіндегі ақауларды анықтап, дұрыс диагноз қоюға әсері мол», – дейді дәрігер.

Расул Насыров, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының дәрігері: «Бұл заманауи құрылғының көмегі көп. Бас, мидың қан айналымдары ауруларын, ісік және ішкі құрылыстағы ауытқулар мен сүйек жарақаттарын анықтауға
мүмкіндік береді».

Сарыағаштықтар енді диагнозын анықтау үшін облыс орталығына сабылмай аудандық ауруханада компьютерлік томографқа түсіп, қажетті ем-домын алады. Ең бастысы заманауи құрылғының тілін білетін білікті дәрігерлер саны артса, игі.

Шынар Оразова