Құжатсыз мал иесі айып төлейді

509

Құжатсыз мал иесі айып төлейді. Мұны Шымкентте сатылатын малдарды қатаң тексеріп жатқан ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мәлімдеді. Мамандардың ұйытқы болуымен құзырлылармен бірлескен рейд өтті.

Мұндағы мақсат мал ұрлығына тосқауыл қою. Әрі ауру малдың сатылмауын қадағалау. Тексеру шарасы барысында төрт түлік сатушылардың салғырттығы мәлім болды.

Төрт түлік тиелген жүк көліктерін тоқтатқан құзырлылар қажетті құжаттарын тексерді. Ал ветеринар мамандар көлікке тиелген малдың құжаты мен анықтамасын түгендеді. Мамандардың бұл әрекеті мал ұрлығына тосқауыл қою үшін ұйымдастырылған. Ал арнайы анықтамасы жоқ түліктің, базарда сатылмақ түгілі, кіруіне рұқсат жоқ. Осылайша ауру малдың саудалануына жол бермеді.

Таңсәріден қала базарына жолға шыққандардың басым бөлігін құжаттарының дұрыс болмағаны әбігерге түсірді. Әркім өздігінше ақталғанымен ереже ортақ. Көбінесе көлікке тиелген төрт түліктің ветеринар мамандардан алынған анықтамасы болмай шықты. Мұндай жағдайда түлік егесі әкімшілік құқық бұзушы болып табылады және 20 айлық есептік көрсеткіш есебінде айып төлейді.

Ал мұндай тексеруден хабарсыз мал иелері «анықтаманы алып үлгере алмадық, тез арада сату қажет болды. Ол үшін ауданға ветеринарға бару керек. Осы құзіретті ауылдағы мал дәрігеріне берсе қайтеді?» деп наразылықтарын білдірді.

Алған малыңыз ауру-сырқаудан аман, дұрысы ұрланбаған болсын деңіз. Ал бұл мәселені қолға алған құзырлы органдардың қызметкерлері алдағы уақытта да рейдтер тұрақты жүргізіліп, аталған мәселеде тәртіп орнатылатындығына сендірді.

Нұрлан Күдерұлы