Қазақстанда астық экспорты екі есеге артты

456

Биыл елімізде астық экспорты екі есе өсті. Бидай мен ұн өнімдері шет мемлекеттерге Маңғыстау өңірі арқылы тасымалданған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ теміржолшылары мәлімдеді.

Қазақ астығы «Өзен-Түрікменстан» шекарасы теміржолымен Иранға, теңіз порттары арқылы Парсы шығанағы мен Еуропаға жөнелтілген. Биыл 10 айда Құрық пен Ақтау порттары арқылы 600 кемеге тиелген бидай экспортқа жіберілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 210 процентке жоғары дейді сала мамандары. Жалпы Маңғыстау облысы арқылы жүк тасымалы өткен жылмен салыстырғанда, биыл екі есеге өскен. Мұндай жетістікке «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында қол жеткізілген. Бағдарлама аясында «Бейнеу – Сексеуіл», «Өзен – Болашақ», «Боржақты-Ерсай-Құрық» жаңа теміржол желілері іске қосылды.

Нәжмедин Ғұбашев, «Қазақстан темір жолы» АҚ Маңғыстау облыстық жүк тасымалы бөлімшесінің басшысы: – Жалпы 2018 жылдың 10 айы бойынша, жүк тасымалы көрсеткіші 63 мың 478 вагонды құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда, 751 вагонға артық. Орындалу көрсеткішімен есептесек, 125 процентке өскен.

Дереккөз: «Хабар24»