Цифрлық Қазақстан: Мүмкіндігі шектеулі жандар үйде отырып табыс таба алады

370

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға цифрлық құралдарды үйретеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Астана хабта өткен «Digital Arena-3» форумында айтты. «Біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар табыс таба алмайды деген қасаң түсінік бар. Бірақ, қазір цифрландыру дамыған заманда SММ, копирайтинг, бағдарламалық жасақтама сынды қашықтықтан жұмыс істеуге болатын мамандықтар бар. Сондықтан әлеуметтік қызмет көрсету бағытындағы бірнеше пилоттық жобамыздың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарды цифрлық құралдар бойынша оқытуға арналған. Осы арқылы олар үйде отырып, ел қатарлы табыс таба алады. Бұл жобаға баса көңіл бөліп отырмыз», – деді Нариман Мұқышев журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, алғашқы пилоттық жоба Астана қаласында жүргізілген және қазір қатысушылардың 80 пайызы нақты табыс тауып жүр. «Басты талабымыз – кеңседе ұзақ уақыт отыра алмайтын, үйде болуы қажет адамдарды қайта оқыту еді. Жобамызға мүмкіндігі шектеулі жандардан бөлек, аналар да қатысты. Қазір бұл жобаны ірі қалаларға ғана емес, аудандарға дейін кеңірек таратқымыз келеді. Себебі, адамдардың интернет арқылы Астана мен Алматыда ғана емес, кез келген жерде қаражат таба алатынын көрсеткіміз келеді», – деді вице-министр.

Аталған әлеуметтік жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, БҰҰ және қазақстандық компаниялар бірлесіп жүзеге асырады. Алдағы уақытта республиканың барлық өңірінде мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту көзделіп отыр.