Газдан уланудың құрбандары азаймай отыр

344
фото Хабар 24

Өңірде газдан уланып бес адам қайтыс болса, тағы бесеуі ауруханаға жеткізілген. Бір күнде үш бірдей оқыс оқиғаны тіркеген төтеншеліктер арнайы брифинг өткізді.

Қайғылы жағдай Сайрам, Қазығұрт, Байдібек аудандарында орын алған. Бұл өткен жылдың дәл осы аралығымен салыстырғанда еселенгенін көрсетеді деп мәлімдеді. Газды қолдану ережелерін өрескел бұзғандықтан, мұржалар дер кезінде тазаланып, қондырғылар дұрыс орнатылмағандықтан осындай жағдайлар көптеп тіркелетінін мамандар жасырмады.

Екі бірдей әйел және үш бала улы газдың құрбаны болды. Тағы бір ана үш бүлдіршінімен ауруханада жатыр. Бұл жылу маусымы бастала сала орын алған ауыр жағдай. Мамандар мұнан өзге 4 қайғылы оқиғаны тіркеп үлгерген. Оның ішінде улы газбен уланып, жарақат алғандар саны жетеу болса, қайтыс болғандары — 5 адам.

Бақытжан Заппаров, Түркістан облыстық ТЖД бөлім басшысы: «Былтырғы жылмен салыстырар болсақ, кешегі бір күнде орын алған үш бірдей қайғылы оқиғаға байланысты көрсеткіш еселеніп отыр».

Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері жылыту қазандықтары мен газ пештерінің, қатты отын қазандықтары мұржаларындағы ақау… Жыл сайын алдын алу шараларын жүргізіп, түсіндіргенмен ережелері тұрғындардың ойынан шығып кете береді дейді төтеншеліктер.

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қалалық ТЖД басшысының орынбасары: «Көпқабатты пәтрлердегі газ колонкаларындағы түтін өткізгіштердің, гофралардың сыртқа шығарылуында ақау жиі орын алады. Жылыту пештерін дұрыс орнатпайды. Осыны ескеріп, аса мұқият болса дейміз».

Төтеншеліктер ауыл тұрғындарын түн мезгілінде қатты отын жақпауға шақырады. Бұл ең алдымен өз қауіпсіздігіңіз үшін маңызды дейді жауаптылар.

Жанар Есенбекова