Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының экс — қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты. Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында 14 айыпталушының барлығы да кінәлі деп танылды. Оның 10-ы әйел азаматшалар.
Басты айыпталушы И. қылмыстық топтың ұйымдастырушысы деп танылып, алаяқтық үшін де айыпталды. Сотталушының бар мүлкі тәркіленіп, сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Тағы да екі экс -мемлекеттік қызметкерлер М. Т мен М. Б қылмыстық топқа қатыстылығы мен алаяқтығы үшін кінәлі деп танылды. Екеуіне де мүлкін тәркілеп, 7 жылға темір торға қамау туралы үкім шықты.
Істің қалған фигуранттары үшін шартты жаза және жас балалы сотталушы әйелдерге жазасын шегере тұру туралы шешім шығарылды. Сотталушылардың барлығы дерлік мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған қаржыны жымқырды деп айыпталып, құрықталған болатын. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Жанар Есенбекова