Шымкентте мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 35 мыңнан аса адам төлем алды

464

Жыл басынан бері Шымкентте мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 35 мыңнан аса адам төлем алды. Жалпы сомасы 6,9 млрд. теңге көлеміндегі қаражатты құрайды. Бұл туралы бүгін Шымкентте өткен мемлекеттік әлеуеметтік сақтандыру қорының Басқарушы директоры Нұрсулу Кемелдің қатысумен өткен семинар-кеңесте айтылды.

Тиісті заң жобасының негізгі бағыттары түсіндірілген шараға қала әкімінің орынбасары Г. Құрманбекова мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғ. Балтаев қатысты. Айта кетейік, әлеуметтік сақтандыру жүйесі елімізде 2005 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Жүйе жұмыспен қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі болып табылады. Салаға жауаптылар әлеуметтік аударымдарды тағайындаудағы тәсілдерді жаңарту, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне халықтың неғұрлым көбірек қатыстыру, азаматтардың заңды еңбек қатынаста болу қызығушылығын арттыру – уақыт талабы дейді.

Нұрсулу Кемел, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Басқарушы директоры: «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен бірлесіп, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының жобасы мен Тұжырымдамасын оған қоса берілетін «Еліміздің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Заң жобасының мақсаты – қордан тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің параметрлерін қайта қарау арқылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін күшейту болып табылады».
Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 6 млн. жуық адамды қамтиды. Жыл сайын 770 мыңнан астам адам жалпы сомасы 160 млрд. теңгеге жуық төлем алады.

Мақпал Рысбаева