Шымкенттегі саз колледжінің құрылғанына — 60 жыл толды

1286

Биыл Шымкент қаласындағы Саз колледжінің құрылғанына — 60 жыл. Тарихи датаның құрметіне орай, оқу орнының талантты шәкірттері мен түлектері жұмыла көрермен қауымның алдында есебін берді. Мерейтойға колледждің мақтанышына айналған түлегі, ҚР Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның өзі арнайы келіп қатысып, мерекенің мерейін асырды.

Бұл күні қаламыздағы орыс драма театрына жиналған жұрттың қарасы қалың. Бірақ, жерлестеріміз қойылымды тамашалауға емес, Шымкент қаласындағы саз колледжінің мерейтойын тойлауға арнайы жиналды. Ә-дегеннен-ақ, сахна сөріне симфониялық оркестр көтерілді. Оның сүйемелдеуімен өнерпаздар бекзат өнер — әсем әндерін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Нұрбақыт Мырзабаева, көрермен: «Қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жанды дауыста оркестрдің көмегімен шығармаларды шебер орындап жатыр. Тәнті болдық. Студенттердің де қабілет-қарымына қарап, ұжымның кәсіби деңгейін аңғаруға болады. Шығармашылық табыстар тілеймін!»

Үшінші мегаполистің төріндегі — Саз колледжінің 60 жылдық мерейтойында осылайша оқу орнының талантты шәкірттері мен түлектері елге есебін берді. Мерейтойға осы колледждің түлектері де арнайы шақырылған. Қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары — Бауыржан Исаев пен Сейфуллин Жолбарыс және Қазақстанның Халық әртістері — Лаки Кесоглу, Нұржамал Үсенбаева да өздері түлеген оқу ордасы мен ондағы ұстаздар қауымын құттықтай келіпті. Ән-тартуларын ерекше ықыласымен жолдады.

Мерейтойлық кешке колледж ұжымы тыңғылықты дайындалғаны көрініп-ақ тұрды. Студенттер сазды аспаптарын арқалай сахна төріне шығып, жерлестерін қуантты.

Айгүл Бекенова, Саз колледжі директорының орынбасары:»Қазіргі таңда колледж хореография, эстрада өнері, шекті аспаптар және халық аспаптар бөлімі мен хор дирижерлау, музыка теориясы секілді 11 мамандық бойынша білім береді. Бастысы, саз колледжі — Ел аумағындағы ең үздіктер қатарында. Әр жылғы өнер жарыстарында да топ жарып, үнемі бірінші бәйгелерді еншілеп келеміз. Бұл — оқу орнындағы білікті де білімді педагогтардың еселі еңбегі дер едім».

Мерейтой аясында саз колледжінің еңбегі сіңген педагогтары құрметке бөленді. «Нұр Отан» партиясының алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ергешбек Нұрсадық шаһар басшысының атынан арнайы құттықтау тілектерін жолдап, сый-таралғысын тапсырды.

Бүгінде саз колледжі — күнгейдегі талай талантты тәрбиелеп, өнердің шеберханасына айналған бірегей оқу орны. Және жыл бұрын «Ел аумағындағы үздік өнер колледждерінің» үштігіне енген болатын. Қазір мұнда 507 студент білім алады. Ол үшін білім ордасында білікті 142 педагог еңбек етеді.

Мөлдір Бекеева