Жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күнін атап өтті

336
Казинформ

Қараша айының үшінші жексенбісі жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы осыдан 13 жыл бұрын осындай шешім қабылдаған болатын. Содан бері қаралы күн ретінде аталып өтіледі.

Әлемде жол-көлік оқиғаларының салдарынан күн сайын 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 100 мыңға жуық адам ауыр жарақат алады екен. Қаза болғандар мен зардап шеккендердің басым бөлігі-жастар. Ең өкініштісі жолда құрбан болатын балалардың саны да шошытады.

Мұхтар Бұхарбаев, Шымкент қалалық полиция департаментінің жол-патрульдік полициясы полкінің командирі: «Биылғы жылғы 11 айдың өзінде жол көлік оқиғалары 633 – ден 250 – ге, яғни, 60,5 пайызға төмендеп отыр. Жарақат алғандар 835 – тен 318 – ге, яғни, 61,5 пайызға төмендеді».

Қаралы күнді шымкенттіктер де ескерусіз қалдырмады. Қалалық әкімдік пен полиция департаменті мамандары азаматтарды жинады. Жолда жүргенде есте сақтайтын қауіпсіздік шаралары жазылған кітапшалар таратып, аспанға шар ұшырды.

Қала көшелерінде қара түсті көліктерден тізілген арнайы кортеж ұйымдастырды. Сондай-ақ, сау тамтығы қалмаған көлікті эвакуаторға тиеп, жүргізушілердің назарына ұсынды. Іс-шараға қатысушыларға жол-көлік оқиғасының негізгі себептері мен алдын алу жолдары түсіндірілді.

Ернар Балабеков