«Қазақтелеком» KCell-ді сатып алады: абоненттер үшін не өзгереді?

327
sputniknews.kz

«Қазақтелеком» АҚ ұлттық компаниясы Telia Company және Fintur Holdings BV компанияларынан KCell дауыс беруші акцияларының 75%-ын сатып алу туралы шартқа қол қойды, деп хабарлайды Қазақтелеком баспасөз қызметі.

Шарт бойынша «Қазақтелеком» KCell акцияларының 24%-ын Telia Company компаниясынан, ал 51%-ын Fintur Holdings BV компаниясынан сатып алады.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев атап өткендей, KCell акцияларын сатып алу «Қазақтелеком» АҚ-ның құнына жағымды әсер етеді, сонымен бірге жалпы Қазақстандағы телекоммуникация саласын дамытуға септігін тигізеді.

KCell абоненттері үшін не өзгереді?

«KCell және Activ абоненттеріне қатысты бірден айтып кетейін: тарифтер қымбаттамайды, байланыс сапасы төмендемейді – әлеуметтік желіде осы шартқа қарсы болғандар солай қорқытты емес пе. Біріншіден, бұған ешқандай себеп жоқ, шарттың барлық тұстарын қарастырдыөқ, екіншіден IPO қарсаңында «Қазақтелекомға» бұл қажет емес», — деп сендірді Есекеев.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қол қойғаннан соң баспасөз мәслихатында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев шарт сомасын атады.
«Шетелдіктер процедураларға қалай мән беретінін көрдіңіздер ғой. Қазір биржа соңғы нақты бағасын жариялайды – 615 миллион доллар. (…) KCell компаниясы Лондон қор биржасында бағаланатынын білесіздер, бағасы биржада хабарланады. Бүгін биржа жаңалықтары бағасын көрсетеді», — деді Есекеев.
Айта өтсек, «Қазақтелеком» АҚ Қазақстанның қор биржасына «Кселл» АҚ шарты бойынша міндеттердің орындалуы туралы мәлімет берді. Шартқа қол қойылған соң 30 күн ішінде активтердің жалпы бағасының 10 %-нан артық сома төленеді.
Тағы бір ескерте кететін жайт, Қазақстанның табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестік пен тұтынушылар құқығын қорғау комитеті «Қазақтелекомды» KCell және Activ брендтерін сақтауға міндеттеді.

sputniknews.kz