Беларусь пен Қазақстан бірлесіп ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырады

421

Беларусь пен Қазақстан бірлесіп ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығарады. Бұл туралы Беларусь премьер-министрінің бірінші орынбасары Александр Турчин екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысында мәлім етті.

«Таяу уақытта Қазақстанда беларусьтік ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыратынымыз күтіледі. IT-саладағы өзара ынтымақтастықтың қарқыны артып, осы салада бірлескен бастамалар саны артатынына үміттенеміз», – деп атап өтті Александр Турчин.

«Өнеркәсіптік кооперацияға, ауыл шаруашылығы мен көлік салаларындағы ынтымақтастыққа баса назар аудара отырып, IT, ғарыш және жоғары технологиялар салаларындағы инвестициялық ынтымақтастыққа серпін беру қажет деп есептейміз», – деп атап өтті бірінші вице-премьер.

Беларусь тарабы инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік бірлескен жобаларға белсенді қатысуға дайын.

«Жібек жолы экономикалық белдеуінің дербес бағыты немесе бастаманың бір бөлігі ретінде Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы мен «Ұлы тас» Қытай-Беларусь индустриялық паркінің әлеуетін бірлесіп пайдалану керек», – деп есептейді Александр Турчин.

Өз кезегінде Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин де Беларусьпен өндірістік кооперацияны кеңейтуді қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, проблемалық жағдайлар талқыланған, енді келісімді тәжірибеде жүзеге асыру керек. Қазақстан Беларусьпен Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы контейнерлік тасымалдау көлемін арттыруға мүдделі. Беларусь пен Қазақстан үкімет отырысында 2019-2020 жылдарға ынтымақтастықты дамытудың жол картасына қол қояды.

Дереккөз:ҚазАқпарат .