“Made in Shymkent” еріктілер клубы ашылды

699

Қаламызда “Made in Shymkent” атты еріктілер клубы ашылды. Оның құрамында 40 шақты белсенді студент бар. Олар шаһардың дамуына үлестерін қосуға жиналған. Бастама иелері «Бизнес жастар» шарасында бас қосты. Жастар кәсіпкерлермен кездесіп, ашық алаңда пікір алмасты.

Александр Цой жас фотограф, офистегі өзінің жан қалауына сай келмейтін жұмысын тастап, бүгінде шығармашылықпен айналысып жүр. Ол түрлі фотосессиялар жасайды. Оның ішінде атақты тұлғалармен жасалған жұмыстары көп. Александр өзінің шығармашылығы жайлы «Бизнес-Жастар» басқосуында әңгімелеп берді. Мұнда кәсіпкер болмақты мақсат тұтқан жастар көп.

Александр Цой, фотограф: “Әу баста үйлену тойларын түсіріп бастадым. Жарықпен жұмыс істеймін. Жақсы кадрларды алуға тырысамын. Ресейде оқығанмын. Бірнеше жыл Мәскеуде тұрдым. 8 жыл бойы жүйелік интеграциямен айналыстым”.

«Бизнес-Жастар» Шымкент қалалық «Нұр Отан» партиясының кәсіпкерлікті қолдау қоғамдық кеңесі мен «Shymkent» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның бірлескен жобасы. Жастар кәсіпкерлік және шығармашылық жағын дамыту жөнінде сөз қозғады. Оның ішінде ән салу, жазушылық, шығармашылық талантты ұштау қажет десті.

Рашид Аюпов, «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы: ”Шымкент жаңа статусқа ие болғаннан кейін кез – келген бағыт бағдардың барлығына көзқарас өзгеруі керек. Соған орай жастарды кәсіпкерлікке ынталандырып жатырмыз. Тек тойхана, дәмхана ашу емес, басқа да түрлі бизнес жолдары бар екенін көрсету басты мақсат. Жол көрсету, бағыт бағдар беру. Еріктілер тобын ұйымдастыру. «Шымкентте жасалған» брендін қалыптастырып, кәсіпкерлікті дамыту. Заманауи шығармашылық бағыттарында кәсіпкерлікке тарту».

Мамандар Еуропа елдерінде ерекше бизнес түрлері мол табыс түсіретіндігін тілге тиек етті. Мысалы, бүгінде кофехана бизнесін және әлеуметтік жобаларды жандандырып жүрген жас кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.

Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: “Ондай болмақ қайда?» демеңіздер. Ең креативті, мықты кәсіпкер жастар көп. Кез-келген елдің экономикасы кәсіпкерлердің көптігіне байланысты. Салық арқылы мемлекетті дамытасыздар. Сіздер бастаңыздар, біз «НұрОтан» партиясы мен қалалық әкімдік сіздерді қоштауға дайын. Биік арман қойып, мақсатты нақтылағаннан кейін соның нәтижесіне жұмыс істеу керек».

Келер жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жанынан жас кәсіпкерлер мектебі ашылады. Белсенді білімгерлер мемлекеттік гранттарға ие болады деген жоспар бар.