Жанұясы-жылы ұясының тынышын алатын отағасылар көп

433
dav

Аумақтық кәсіподақ бірлестігінде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және әйел құқығын бұзудың алдын алу» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиналғандар әйел құқығы, оларға қатысты зорлық – зомбылықтың алдын алу күн түсуі тиіс көлеңкелі мәселелердің бірі екенін айтты.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық зомбылықтың салдарынан 400-ге жуық әйел құрбан болады. Бас прокуратураның статистикасына сүйенсек, елімізде тұрмыстық жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық 2016 жылы 2,8 пайызға, ал былтыр 4,7 пайызға өскен. Жыл жылжыған сайын отбасындағы ірге бұзушылық, тұрмыстық зорлық- зомбылық кемудің орнына тым көбейіп барады. Әсіресе өңірімізде де жанұясы-жылы ұясының тынышын алатын отағасылар көп.

Баян Жандосова, Түркістан облыстық және Шымкент қалалық Әйелдер кеңесінің төрайымы: «Сарыағаш ауданында зорлық – зомбылық 75 пайызға жеткен.  Ауыл – ауылдарды аралап, әйел азаматшалармен сөйлестік… Былтыр қараша айында Сарыағаш ауданында екі орталық яғни, «Психологиялық сүйемелдеу» және «Бейімдеу» орталықтары ашылды. Онда маскүнемдікке салынған ер азаматтарды емдеп, жол картасымен жұмысқа тұрғызу мәселесі көзделген».

Дәл осы орталыққа екі айдың өзінде тынышы бұзылған 154 отбасы келген. Көмек көрсету орталықтарын жағалайтындардың басым бөлігі де қара көздеріміз. Сүйіп қосылған жарларынан қорлық көріп, тұщы етіне таяқ тигізгендердің қатары тым көп екенін мамандар біледі. Сондықтан да шешу жолдарын қарастырып, шаңырақты шайқалтпау салдарымен күресуге дайын.

Берік Бекжанов, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы: «Негізгі мақсат – ҚР қолданыстағы заңдарына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс беру, қаладағы, облыс төңірегіндегі қандай мәселелерге көңіл бөлу керек, соған орай сіздерді талқылау алаңына шақырып отырмыз. Сіздердің тараптарыңыздан мәселенің шешімін табуына, түйінін тарқату үшін ойларыңызды ортаға салсаңыздар деген ұсыныс бар».

Белсенділер мүгедек балалары бар отбасыларға көмек көрсету үшін қор ашуды ойластырып отыр. Кәсіпкерлерге қол жая беруден шаршаған қоғам белсенділері осы қорға жинақталған қаржыға мұқтаж жандарға қайырымдылық жасамақ.

Г. Жұмаш