Шымкентте жедел жәрдем қағазсыз жұмыс істейді

750

Шымкентте жедел жәрдем қызметкерлері алғашқылардың бірі болып 100 пайыз сандық жүйеге көшті. Енді шұғыл жәрдем қызметкерлері қағаз толтырмайтын болды. Бұл үшін қаладағы жедел жәрдем көрсететін мамандардың барлығы смартфонмен қамтылып, медициналық қызметтер электронды жүйеге көшті.

 

Нұрлан Қасымов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:  «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында берілген тапсырмалардың бірі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина саласы қағазсыз құжат айналымына көшуі. Елбасы биылғы Жолдауында «Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет», деп денсаулық сақтау саласының мамандарына міндет жүктеген болатын. Мемлекет басшысының жолдауда айтылған тапсырмасын басты назарға ала отырып, Шымкент қаласының жедел жәрдем станциясы алғашқылардың бірі болып қағазсыз жұмыс жасауға көшті. Енді жедел жәрдем қызметкерлері бұрынғыдай қағаз толтырмайды».

Атап айтқанда, жедел және шұғыл медициналық жәрдем бригадасын шақырту картасын, учаскелік дәрігердің дабыл қағазын және жедел медициналық жәрдем станциясының ілеспе парағын смартфонға енгізетін болды. Осының арқасында жедел қызмет көрсететін бригадалар орталық стансаға келмей-ақ қолындағы смартфон арқылы тікелей шақыртуға бара алады. «Бұл біріншіден уақытты үнемдесе, екіншіден қағазбастылықтан арылуға көмөктеседі» дейді салаға жауаптылар.

1 млн халқы бар тұрғындарға қалада 81 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Барлық жедел жәрдем бригадалары смартфомен қамтылған. Күніне қала бойынша орташа есеппен 15000-16000 шақырту түседі. Орталыққа келіп түскен қоңыраулардың 20 пайызы 4 -ші санаттағы шақыртулар болғандықтан, мекен-жайы бойынша емхналарға тікелей жолданады.

Айта кетейік, қаладағы жедел жәрдем стансасының орталығында кол-орталық жұмыс істейді. Осының арқасында жедел жәрдем көлігінің қай маңда жүргенін, діттеген жеріне неше минутта жеткенін бақылайтын арнайы құрылғы бар. Кол-орталықта орналасқан үлкен экраннан бригадаларды да қадағалауға болады.

Лаура Нақыпқызы