Түркістандық аграршылар жылды қорытындылады

694

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы 2018 жылды  қорытындылады. «Ағымдағы жылы ауа – райы қолайсыздығына қарамастан ауыл еңбеккерлері жақсы  жетістікке қол жеткізді», дейді басқарма басшысы Нұрбек Бадырақов.

Масақты дәнді дақылдардан 408 мың тонна өнім алынды. Жалпы егістік жердің көлемі  807 мың гектарға жеткізілді. Бұл осы тиісті кезеңмен салыстырғанда 9 мың га артық. Сонымен қатар, облыста  биыл көкөніс, картоп, бақша өнімдерінен 2,8 млн. тонна өнім алынды. Бұл рекордтық көрсеткіш бойынша республикада өңіріміз көш басында.

Тауар өндірушілерге  электронды түрде минералды тыңайтқыштар үлестірілді. 3,5 млрд. теңгеге 80 мың тонна минералды тыңайтқыш таратылды.

Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Қой мен ешкінің саны бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында, ал ірі қара мал, жылқы мен түйе санынан -3 – орындамыз.  Ағымдағы жылдың басынан 174 мың тонна ет өндіріліп, бұл өткен тиісті кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға артық.  Сондай-ақ, 604 мың тонна сүт өндірілді. Биыл  алғашқы  рет  7 мың тонна етті Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірлігі мен Иранға экспорттадық.

Тамшылатып суғару, жылы жай салу бойынша өңіріміз республикада көш бастап тұрғаны баршаға мәлім. Биыл 126 гектарда жылы жайлар бой көтерді. Жалпы, өңірімізде жылыжайлардың көлемі 6 мың 400 гектарға жеткізілді. 11 айда Түркістан облысында  508 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш бойынша біз республикада 2 орынға көтерілдік.

Шынар Оразова