Ж.Түймебаев Түркістанның үздік жастарымен кездесті

453

Түркістан облысының орталығы – Түркістан шаһарында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары мен «Worldskils Kazakhstan – 2018» ұлттық чемпионатының жеңімпаздарын қабылдаған жиын өтті.

Кездесуге осы жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған түркістандық азаматтар мен «Worldskils Kazakhstan – 2018» ұлттық чемпионатында жүлделі орындарға ие болған студенттер келіп, өңір басшысының Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарына ие болды.

«Бүгін Түркістан облысы үшін үлкен қуанышты күн. Олай дейтініміз облысымызға ғана емес, барша Қазақстанға танымал, облысымыздың бетке ұстар дарабоз азаматтарымыздың жеңісі Республикалық «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанса, жас өнертапқыш студенттеріміз республикалық «Worldskils Kazakhstan – 2018» ұлттық чемпионатында жүзден жүйрік шығып жүлделі орындардан көрінді. Бұл жеңістің артында үлкен еңбек тұрғаны белгілі. Еліміздің осындай жеңіспен оралуына осында отырған жетекшілерінің еңбектерінің арқасы деп білемін. Осыған орай, Сіздерді алған жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, барша облыс тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз. 2019 жылы Ресей Федерациясының Қазан қаласында өтетін «Worldskils Kazan – 2019» халықаралық чемпионатын еліміздің туын биікке көтеретіндеріңізге сенемін», – деді әкім.

Мұнан соң, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары сөз алып, аймақ басшысына ризашылығын білдірді. Ізгі тілектерінде жерлестеріміз облысымыздың түрлі салаларда өсіп, өркендеуіне, мейлінше, атсалысуға уәде етті.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылдан бері түрлі саладағы әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы сияқты 10 номинация бойынша беріліп, дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында жыл сайын ұсынылады.

Оған елімізден 200-ден аса талантты жастарымыз ие болды. Бұл сыйлыққа әр жылдары өңірімізден шыққан эстрада жұлдыздары Н.Өнербаев, С.Майғазиев, А.Жорабаева, «Жігіттер» квартеті, Н.Құрманов, Қ.Нұртас, өнер майталмандары С.Әбдіхалықов, айтыскер, ақын Бекарыс Шойбек сияқты белгілі тұлғаларға берілген.

Биылғы байқауға 300-ден аса үміткер қатысқан. Түркістан облысынан лауреаттар арасында «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша айтыскер ақын Біржан Байтуов, «Спорт номинациясын» бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев, «Журналистика» номинациясымен «Айғақ» телерадиокомпаниясы ЖШС бас редакторы Салтанат Тойболова иеленді. Барлық жеңімпаздарға ҚР Үкіметінің қаулысымен «2017 жылғы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы берілді және олар дипломмен, төсбелгілермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Қазақстан 2014 жылы Worldskils Ассоциация құрамына 70-ші қатысушы мемлекет болып тіркеліп, биылғы жылы 4-рет республикада Ұлттық чемпионат болып өтті. Түркістан облысының атынан 9 студент ағымдағы жылдың 1 – 8 желтоқсан аралығында жұмысшы мамандықтарынан Астана қаласында өткізілген «WorldSkills Kazakhstan – 2018» Ұлттық чемпионатына жіберіліп, оның 7-уі жүлделі орындарға (2 алтын, 3 күміс, 1 қола, 1 медальон) ие болса, оның ішінде 2 алтын медаль иегерлері 2019 жылы тамыз айында Ресей Федерациясының Қазан қаласында өткізілетін «WorldSkills Kazan – 2019» халықаралық чемпионатқа жолдама алған-ды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі