Айдың күннің аманында көршілерінен таяқ жеп, майып болған азамат араша сұрайды. Тергеу ісіне көңілі толмаған туыстары, сараптама да дер кезінде тағайындалмағанын айтып ашынады.
Арнамызға арыздана келген кейуана баласының төсек тартып қалғанына налиды. Қырықтағы ұлының қиналған хәліне күйінген ол тергеу ісінің де тұралағанына ашынады. Прокуратура мен полиция табалдырығын тоздырса да тұшымды жауап болмағанын айтады.
Тулпия Мурадымова, жәбірленушінің анасы: «Ауруханадан шыққан соң полиция келді. «Арыздарыңызды жазыңыздар. Заң сіздердің жақтарыңызда» деген болатын. Кейіннен тергеушілердің бізбен сөйлесулері қиын боп кетті».
39 жастағы Марс Мурадымовтың төсекке таңылғанына жарты жылға жуықтаған. Жаздыгүні көршілерімен керісіп, соққыға жығылған. Содан бері мүгедектің халін кешкен азаматқа құзырлылар сот медициналық сараптаманың өзін де сағыздай созып тағайындамаған екен.
Оксана Юкшина, жәбірленушінің әйелі: «Жансақтау бөлімінде 11 күн жатты. Миы ісініп кеткен деп ота жасады. Тағы да он күн ауруханада ем алдық. Беті бері қарағанмен өздігінен жүре алмай қалды. Оқиға күні — ақ учаскелік инспекторға хабар бергенбіз. Одан кейін тек ауруханадан шыққан соң ғана шамамыз келді. Тергеушілер сараптама тағайындалады деп алды да ақырында айлап телефонға жауап бермей, соңын созып жіберді. Тіпті дөрекі сөйлесетін болды бізбен. Сараптаманы жасаған да жоқ».
Жәбірленуші тараптың арызын айтып, шағымын жеткізген журналистік сұранымхатқа Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мамандары былай деп жауап берді.
Әсел Сәденова, Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: «09.07.2018 жылдан бастап Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 107 бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 23.11.2018 жылы аталған жайт бойынша тағайындалған сот медициналық сараптама қорытындысын нақтылау үшін комиссиялық сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. ҚР ҚПК-нің 201 және ҚР ҚК-нің 147-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге жол берілмейді».
Ресми жауап осындай. Алайда уәде етілген қосымша тағайындалған сараптама жасатпақ түгілі жәбірленушінің туыстары құзырлылардан еш хабар да болмағанын айтады.
«Әлі ешкім де хабарласқан жоқ. Сараптама түгілі тергеушіні де көрген жоқпыз»-дейді жәбірленушінің анасы.
Жанар Есенбекова