«Қазпошта» электрондық коммерция нарығының рекордтық өсуін тіркеді

352

2019 жылы «Қазпошта» АҚ сәлемдемелердің рекордтық санын қабылдады. Бұл көрсеткіш 2 млн тең. Оның ішінде 1 млн 700 мыңы – шетелден келген сәлемдемелер, ал 300 мыңы – қазақстандық. Қазірдің өзінде бір миллионнан астам сәлемдеме діттеген жеріне жеткізілді.

«Электрондық коммерцияның даму қарқыны бізді қуантады. Салыстыру үшін айта кетейін, екі жыл бұрын 2017 жылы қаңтарда «Қазпошта» 500 мың сәлемдеме қабылдаған. Өткен жыл бойы біз қазақстандықтарды интернетте сатып алуға және сатуға үйреттік, қазақстандық интернет-дүкендер үшін ыңғайлы сервистерді дамыттық, логистикалық процестерді оңтайландырдық және заңнамаға өзгерістер енгізуге ұсыныстар бердік. Бүгін біз нәтижені көріп отырмыз», – деді «Қазпошта»АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сарсенов.

Келіп түскен сәлемдемедерді жедел өңдеу және жеткізу мерзімдерін барынша қысқарту, сондай-ақ оларды қадағалау процесін мүмкіндігінше ыңғайлы ету мақсатында биыл «Қазпошта» АҚ жаңа пошталық есеп жүйесін (ПЕЖ) іске қосты. Енді пошта бөлімшелерінің операторлары сәлемдемелерді жіберген сайын жіберушінің деректерін қолмен енгізіп отырмайды. ЖСН бар болса, жүйе қалған қажетті ақпаратты автоматты түрде көрсетеді. Бұл өтінімдерді өңдеу және қызмет көрсету уақытын орташа есеппен 40%-ға азайтады. Сондай-ақ, жаңа жүйе Дүниежүзілік пошта одағының барлық стандарттарына сәйкес келеді және «Қазпошта» АҚ шетелдік серіктестерінің бағдарламаларымен интеграцияланған. Осының арқасында қазақстандықтар Post.kz порталы арқылы өз жөнелтілімінің жүру жолын Қазақстан аумағында ғана емес, елімізден тысқары жерлерде де қадағалай алады, ал бұған дейін мұндай мүмкіндік болмаған. Поштаны өңдеудің ашық процесі енді толығымен жаңа жүйемен бақыланып, адам факторын барынша азайтты және сәлемдемелердің жоғалу ықтималдығын дерлік жойды.

Сонымен қатар жаңа пошталық есеп жүйесі жүйелердің кез келген интеграцисын және ақпаратпен алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндіктен, ұлттық пошта операторының интернет-дүкендерімен өзара әрекетін жеңілдетеді. Барлық процестерді оңтайландыру нәтижесінде 2019 жылы сәлемдемелерді жеткізу уақыты едәуір қысқарады. Мысалы, Қазақстан бойынша олар 4 күнге дейін қысқарады.

«Жаңа жүйе барлық 3,5 мың бөлімшеде бір мезгілде жұмыс істей бастады. Әрине, олқылықтар орын алды және соңғы екі аптаның ішінде жөнелтілімдерді жеткізу мерзімінің кешіктірілуіне қатысты шағымдардың көбейгенін мойындауымыз керек. Бірақ бүгін мен бүкіл Қазақстан үшін шетелдік сәлемдемелерді өңдейтін Алматыдағы сұрыптау орталығында, сондай-ақ Алматының бірнеше бөлімшесінде болып, жаңа жүйенің дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көзім жетті. Сонымен бірге қызметкерлер де келіп түскен пошта көлемін өңдеуге үлгеруде. Біз кері байланыс орнатқан барлық клиенттерімізге ризамыз», – деп атап өтті Сәкен Сарсенов.