Абай ауданының әкімі есеп берді: қоғамдық көлік мәселесі шешімін таппақ

614

Аудан әкімдерінің халық алдындағы жылдық есебі басталды. Шымкентте алғашқы болып Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов тұрғындармен кездесті.

332 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда өткен жылы аз жұмыс істелген жоқ. Әлі де атқарылыр тірлік қыруар. Бүгінгі кездесуге келген “Құрсай”, “Ақтас”, “Ақжар” елді мекендерінің тұрғындары көкейдегі сауалдарын жолдап, жауабын алды.

Жарты сағат баяндама тыңдаған көпшілік жарыссөзді керек қылмады. Бірден сұрақ-жауапқа көшті. Микрофонға таласқан тұрғындардың көбі – құрсайлықтар еді. Көпшіліктің сөздерінен ұққанымыз – бұл ауылдың халқын сапалы ауызсу, қаламен арадағы қатынасты жасайтын қоғамдық көлік жәйі.

Сондай-ақ, жол мен жарық мәселесі де өзектілердің қатарында. Айтуларынша, биыл көше жолдарына шағал тас төселген, бірақ сапасы мен тарлығы жұрттың көңілін көншітпей тұр.

Арман Алпысбаев, Абай ауданының тұрғыны: «Біздің жолдарымызға тас төселді, бірақ ені үш- ақ метр, ал кейбір көшелер мүлдем қалып қойды”.

Аудан әкіміне жолданған бұл сауалға жиынға қатысқан қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар жауап беруге тырысты. Айтуларынша, ауданда 915 көше бар. Соның 49 пайызында тақтайдай тегіс асфальт төселген. Ал 42 пайызында шағал тас. Қалғандарында топырақ жол. Алдағы жылы шағал тас төселеді, деп жауап берілді. Оның тым тар екеніне арнайы барып өлшеген мамандар көз жеткізіп қайтқан.

Жолдың ені төрт метр, ал біздің қабылдауымыз бойынша оны 3,5 метр деп қабылдадық. Жолдың ені әр көшеде әртүрлі болады. Бәрі СНИП-ке сай атқарылған. Ал шағал төселмеген жолдарға келесі жылы тас төсейміз. Ол көшелерге тұрғындар толық қоныстануы тиіс”, дейді жауаптылар

Кездесуде бұдан да басқа сан сұрақтар қойылды. Оның ең қажеттісі, қоғамдық көлік мәселесі жұртты қатты қиналтқан. Бұл сауалға да шенеуніктердің жауабы дайын екен. “Қалаға су жаңа 300 автобус әкелінбек. Көліктер бірінші кезекте әлеуметік маңызы бар елді мекендерге қатынайтын болады. Олардың қатарында дәл осы “Құрсай” елдімекені де бар”, деді басқарма басшылығы.

Абай Тұрханов, қалалық Жолаушылар көлігі және АЖ басқармасы басшысының орынбасары: “Біз кейбір бағытқа қызмет жасайтын компанияларды таба алмадық. Өзін өзі ақтамағандықтан кәсіпкерлер бас тартады. Енді мемлекетік автобустар қатынайтын болады. Мәселе оң шешімін табады”.

Бір жарым сағатқа созылған есептік жиында сұрағына бірден жауап ала алмаған тұрғындарға аудан әкімі Бұхарбай Парманов міндетті түрде жазбаша жауап беруге уәде етті.

Нұрлан Күдерұлы