Маңғыстаулықтар Түркістан қаласында амфитеатр салып бермек

504

Елбасының Түркістан қаласын дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес Маңғыстау облысына «Амфитеатр» нысанын салу жауапкершілігі жүктелді. Осыған байланысты маңғыстаулық жобалаушы компания «Deluxe Design» ЖШС басшысы Алтынай Күншығарова бастаған бір топ жұмыс сапарымен Түркістан қаласына келді.

Аймақ басшысының бірінші орынбасары Қайрат Нүкеновтың қатысуымен өткен кездесуде екі жақ өз ойларын ортаға салды.

Меймандар нысанның қуаттылығы, нақты орналасу жері мен инфрақұрылым жүйелерін тарту мәселелерін көтерді.

Құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бекітіп берген эскиздік жоба дайын. Түркістандық жобалаушылар жобалау жұмыстарын аяқтауға таяп қалды.
Алдағы уақытта маңғыстаулық жобалаушылар облыстық құрылыс басқармасымен тығыз жұмыс жасайды. Қос тарап өкілдері нысанды сапалы әрі мерзімінде тапсыруға сенімдерін білдірді.