«Несие тарихы нашар…»

233

Бұқараны баспанамен қамту үшін қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы тиімді болғанымен, оған көпшіліктің қолы жетпейтін түрі бар. Жыл жылжыған сайын салынып жатқан баспаналар көбейгенімен, баспанасыздардың қарасы азайып жатқан жоқ. Шымкентте аталған бағдарламаның орындалу барысын «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының мүшелері тексеріп көрді. Қабылдауға келгендердің өтінішін бағамдап, шешудің жолдарын айтты.

Еліміздегі үшінші мегаполис «7-20-25» бағдарламасының орындалуы бойынша көш соңында қалып отыр. Көш басында Астана тұр. Елордада 1628 өтінім мақұлданған. Екінші орында — Алматы, 1040 өтінім қарастырылыпты. Ал, Шымкентте небәрі 144 адамның өтініші мақұлданған. Партиялықтардың айтуынша, ниеттілердің талабын тұсаулап тұрған себеп салдарлар да сабаудай.

Бахыт Темірова, «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының меңгерушісі: «Аталмыш бағдарламаның жүзеге асу қарқыны жаман емес деп ойлаймын. Әрине, кемшілік те жоқ емес. Тұрғындардың көпшілігінде басқа несиелердің болуы, төлеу мерзімін бұзып алғандықтан баспанаға өтініш бере алмай отыр. Ұсынысымыз сол несиелерін жабуы керек. Отбасының табыс көзі толығырақ болса, олар баспанаға қол жеткізе алатын болады».

Миллионды қала үшін 144 өтініштің тым аз екені айтпаса да түсінікті. Келер жылы құрылысы жүргізілетін мыңдаған баспананың өзі де мұқтаж жандардың барлығын жарылқауға жетпейді. Десек те, қоныс тойын тойлайтындардың саны біршама қысқарады.

Билік партиясы өкілдерінің мәліметінше бағдарламаның жорға жүрісінен жаңылуына себеп болып отырған екі мәселе бар. Оның негізгі себептерінің бірі миллионер қалада жаңа үйлердің тапшылығы. Тағы бір мәселе — өтініш берушілердің несие тарихының «қара тізімге» ілінгені болып тұр. Осы екеуінің түйіні тарқатылса, баспаналы болуға ниеттілердің арманы орындалғалы тұр.

Гүлжан Көшерова