Шымкент қалалық перзентханасы күрделі жөндеуден өткізілмек

809

Шымкент – демографиялық өсу көрсеткіші бойынша республикада алда келеді. Ал жылдан-жылға бала саны артып отырған жаңа мегаполистегі перзентханалардың жайы қалай?

Арнамызға арнайы сұқбат бермесе де әлеуметтік желі арқылы жанайқайын жеткізген жерлесіміз Шымкент қалалық перзенхана жағдайына алаңдайды. Желі қолданушысының шағымына бей-жай қарай алмағандықтан аталған мекемеге барып, жағдайға қанығып қайттық.

Шымкент қалалық перзентханасында болған Аяулым Тастанбек мұндағы жағдайдың 90 -шы жылдарды еске түсіретінін айтқан. Жыртық төсек жабдықтары мен секірме кереует, жел уілдеген есікті көріп жабырқаған жас ана ыстық судың жоқтығын, әжетхананың аздығын айтып шағынған.
Мадина Кенжебаева, Шымкент қалалық перзентхананың бас дәрігері: «Қазір өзіміз су жылытатын құрылғы қойып отырмыз. Душта ыстық су бар».

Ыстық су жүйесі жабдықталмағандықтан перзентханадағылар осылай күнелтіп отыр. Әжетхананың аздығынан жас аналардың кезекте тұрып қалатынын да бас дәрігер жасырмады. Сәбилер мен босанған әйелдерге қолдан келер бар жағдайды жасап отырған мамандар тіпті ыстық суды өздері қайнатып құйып қояды.

Мадина Кенжебаева, Шымкент қалалық перзентхананың бас  дәрігері: «Аналарға жайлы жағдай жасау үшін асханаға ыстық суды қайнатып қойып отырамыз. Қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Жас аналар мен сәбилердің күтімі үшін қолайлы болатын нәрсенің барлығын қарастырып қойдық».

Фатима Бектөреева бірер күн бұрын аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алыпты. Жас ана мамандардың қызметіне тағар мінім жоқ. Алайда, перзентханадағы жағдайды заманауи талапқа сай жабдықтау қажет дейді.

Фатима Бектөреева, жас ана: «Перзентхана ғимаратын жабдықтау жергілікті билік өкілдерінің араласуымен бітетін шаруа. Әрине, әр палата ыстық су, ванна болғаны дұрыс. Бұл қазіргі талапқа сай болуы керек».

Айта кетейік, осыған дейін облыстың меншігінде болған перзентхана үш ай бұрын Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының қарамағына өткен. Басқарма басшылары нысанның қазіргі ахуалын көріп, шұғыл күрделі жөндеуден өтуі тиіс ғимараттардың тізіміне қосыпты. Қазір құрылысты жүргізу үшін мердігер анықталуда.

Мақпал Рысбаева