Таиландтан Алматыға ұшқан «Scat» ұшағы Шымкент әуежайына шұғыл қонды

332
фото inform.kz

Пхукеттен Алматыға шыққан «Scat» әуе компаниясының 470-рейсі Шымкенттің запастағы әуежайына шұғыл қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұшақ таңғы 10:00-да Алматы әуежайына қонуы тиіс болатын. Елге келе жатқанда рейс Шымкенттегі запастағы әуежайға қонуға мәжбүр болды. Себебі, қалың тұман болған жағдайда қонуға ұшақ экипажының сертификаты жоқ болып шықты. Сианьға ұшатын 777 рейсі де сол себеппен бөгелді.

AirAstana әуе компаниясының Астана мен Франкфуртқа ұшатын 3 рейсі мен «Scat» әуе компаниясының Аcтанаға ұшатын бір рейсі әуе компанияларының өндірістік қажеттіліктері үшін ұшпайтын болды.  Одан бөлек, 12:05-те ұшуы тиіс Алматы – Орал бағытындағы AirAstana компаниясының 881 рейсі 12:45-ке шегерілді. Бұл рейске жоспардан тыс техникалық қызмет көрсету белгіленді. С

ондай-ақ, 12:25-те ұшуы тиіс Алматы – Өскемен бағытындағы AirAstana 301 рейсі 13.45-ке шегерілді. Өйткені, ұшақ Шымкенттен кешігіп жетті. Алматы әуежайының баспасөз қызметі жолаушыларға жолға шықпас бұрын әуежайдың анықтама қызметіне 270-33-33 нөмірі бойынша хабарласып, анықтап алу керектігін ескертеді. Бүгін қалың тұман кесірінен әуежайда ондаған рейс кешіккенін хабарлаған болатынбыз. Әуежайдың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, бүгін таңертең Алматы әуежайы маңайында  қалың тұман түсті.

Дәл қазір әуежайда көрініс 150/40 метр шамасында. Алайда, әуежай штаттық режімде жұмыс жасап тұр. ИКАО ІІІ В сертификаты бар экипаждар кесте бойынша  ұшып-қонып жатыр.  Айта кету керек, Алматы әуежайы былтыр қараша айынан бастап қалың тұман жайлап, көрініс 75/0 болса да, ұшақ қабылдай алатын мүмкіндікке ие болды. Ұшу-қону жолағын қайта жасауға 8 млрд теңге инвестиция жұмсалды. Алайда, мұндай экстремалды жағдайда қону үшін ұшақ экипаждарының да ИКАО ІІІ В сертификаты болуы керек. Ондай сертификаты жоқ экипаждар әуежайға қона алмайды.