Шымкент қаласының Қаратау ауданында түйіні шешілмей тұрған біраз мәселе бар. Бұл турасында әкіммен кездескен тұрғындар сұрақтарын билік өкіліне жолдады. Жұмысқа кіріскеніне жарты жыл болған Исамидин Қантөреев болса, кеткен олқылықтардың түзелетініне уәде берді.
Қызметіне өткен жылдың шілде айының 13 жұлдызында кіріскен Исамидин Қантөреев халық алдында 2018 жылдың есебін берді. Қаратау ауданының әкімін тыңдауға келгендердің қатарында “Асар”, “Бозарық”, “Тұран” шағынауданының тұрғындары бар.
Алдымен қариялардың ақ батасын алған Қантөреевті іле күрмеуі шешілмей тұрған мәселелер күтіп тұрды. Әбден мезі қылған қоғамдық көліктер мен үп еткен желге сөнетін жарық мәселесі көптеп айтылды. Қалаға бар болғаны 2 бағыттағы автобуспен қатынайтын жұртшылық көлік санының көбейгенін тілеп отыр.
Одан бөлек, жұртшылық жөндеуді қажет ететін жолдардың баршылық екенін жеткізді. Осының салдарынан жолайырықтарында жиі апаттар да орын алып тұрады деді. Ал, кейбір мектептердің алдына жол кедергісі қойылмаған. Әкімге осы және өзге мәселелерді жолдаған жұрт жуық арада оң шешімін тауып беруді өтінді.
Қаратау ауданының тұрғыны: «Асар” шағынауданында электр жарығы бар болғанымен, оның егесі жоқ. Әлі ешкім балансына алмаған. Кейде электр шамы сөніп қалса, оған жауап беретін жан жоқ. Бір-екі күн жарықсыз отырамыз. Бұрынғы басшылар да уәде берген еді, бірақ аяқсыз қалып жатыр».
Еске сала кетейік, ауданға өткен жылы 632 млн. теңге қаржы бөлінген еді. Бюджеттен қаралған қаржы елді-мекендерді абаттандыруға, санитарлық тазалыққа және мәдени іс шараға жұмсалған. халқымен кездескен әкім биылғы қаражатты қайда жұмсауды жоспарлап қайтты.
Назерке Үкібасова