Шымкенттен солтүстікке көш жалғасып жатыр. Кадр тапшылығын тартқан павлодарлық делегация еңбекқор шымқалалықтарға ұсыныстарымен келіпті. Бүгін Әл Фараби ауданы әкімдігінде жергілікті халықпен кездескен қонақтар солтүстікке қоныс аудару шарттары түгел қамтылған мемлекеттік бағдарламаны егжей-тегжейлі түсіндірді.
40 шақты бос жұмыс орнын ұсынып отырған павлодарлықтар 100 — ден аса отбасын баспанамен қамтуға әзірміз дейді. Сондай-ақ қоныс аударатын отбасына бір реттік жәрдемақы мен баспананы жалға алу ақысымен қоса коммуналдық төлемдері де төленеді. Бұл көмектер «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүзеге асады.
Айта кетейік, былтыр Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының мамандары өтініш білдірген 81 отбасын Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аударуға ықпал еткен. Жұмысқа қабілетті 300 — ге жуық адам екі қолға бір күрек тапты дейді жауаптылар. Олар бүгінде мұғалім, дәрігер, агроном сияқты түрлі мамандықтар бойынша жұмысқа орналасып, тіпті жеке кәсіптерін де дөңгелетіп отыр.
Саладағылардың айтуына қарағанда жері құнарлы, сулы да нулы солтүстік жерінде ауыл шаруашылығын түлетуге де мүмкіндік молынан екен. Биыл жыл аяғына дейін 200 — ден аса мүшесі бар 54 отбасын қоныс аударту жоспары тұр.
Мақпал Рысбаева