Шағын цехта онға жуық нан өнімі шығарылады

713
фото turakimat.gov.kz

Өз кәсібін екі кап ұннан нан жабудан бастаған Перизат Есенова бүгінгі таңда қалаға белгілі нан өндіруші цехтың директоры. «Ғажайып нан» аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік жергілікті халықтың 20 пайызын, бірнеше мектеп, балабақша асханаларын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

«2000 жылдан бастап кәсібім жақсара бастады. 2013 жылы Кәсіпкерлік палатаның көмегімен лизинкке  ресейлік «Восход» құрылғысын алдым. Автоматтық жүйеде басқарылатын қондырғымен жұмыс едәуір жеңілдеді және уақытты үнемдеуге қолайлы. Облыс орталығы Түркістанымыз түрленіп, дамып жатқанда біздің де тынысымыз кеңейіп, тіршілігіміз еселенуі тиіс. Әрине, ең алдымен сапа бірінші кезектегі мәселе»,- дейді Перизат Махмұтқызы

Іскер әйел тұрғылықты тұрғын үйінің жанынан цех ашып, 13 жанға тұрақты жұмыс ұсынған. Екі аусымда жұмыс жасайтын жұмысшылардың жалақы мөлшері  40 мың мен 50 мың теңгенің аралығында.

Мұнда бөлке, таба нан,  түймедақ, батон,  бұрама, қара нанның түрлерімен қоса тәтті тоқаш, кекс дайындалады. Онға жуық  өнім дайындау үшін бір күнде 30 қап, нақтырақ 1,5 тонна ұн пайдаланылады. Кәсіпорын басшысы бұл көрсеткішті екі есеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі