Шымкентте ерлі-зайыпты кәсіпкерлерді өлтірген олардың көлік жүргізушісі екені анықталды

1155

Шымкентте ерлі-зайыптыларды өлтірген күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. 27 жастағы азамат алғашқы отырыста-ақ, өз кінәсін мойындап, кешірім сұрады.

Бір емес, екі бірдей адамның ажалын арқалаған күдіктіге Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотында, соттың санкциясы берілді. Тиісті шешім бойынша, ерлі-зайыптыларды өлтірген 27 жастағы Арыстың тумасына Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша айып тағылып, уақытша темір-торға тоғытылды.Қамшыбек Анарбаев, Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы: «ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 55-56, 147, 148-баптарын басшылыққа ала отырып, сот қаулы етті: Шымкент қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Жүнісбековтың күдіктіге қатысты қылмыстық іс бойынша, күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініш хаты қанағаттандырылсын. 14.11.1991 жылы туылған күдікті  2 айға яғни, 16.02.2019 жылдың сағат 13:50-ден  14.04.2019 жылдың 13: 50 минутқа дейін, күзетпен ұстау бұлтартпай шарасына санкция берілсін. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 148-бабы 9-бөлімінің 1-тармағына сәйкес, кепіл мөлшері айқындаусыз қалдырылсын».

Еске салайық, қанды оқиға Шымкентте, 2019 жылдың 6-ақпанында Байтұрсынов көшесінде орналасқан үйлердің бірінде, кәсіпкерлердің отбасында орын алған. Алдымен ерлі-зайыптыларды қасақана өлтірген күдікті үйдегі 2 млн. 300 мың теңге және бағалы алтын-күміс бұйымдарды алып, оқиға орнынан бой тасалағаны анықталыпты. Шымкент қаласы прокурорының тергеп-тексерген айғақтарына сүйенсек, 27 жастағы күдікті бұған дейін бұл үйде көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. 2 жыл бұрын 12 ай еңбек еткен ол жалақысын толық ала алмаған соң, кек алу мақсатында арам пиғылын осылай аяқтағанға ұқсайды.

Мақсат Қожабаев

Мақсат Қожабаев, Шымкент қаласының прокуроры: «Суыт хабарды естігеннен кейін, мен де сол оқиға орнына бардым. Сол жердің бәрін қарау барысында анықталғаны, сол үйдің егесі, жаңағы Толыбаев  теледидар көріп отырған кезінде оны сол көз жағынан қарумен атқан. Сосын, оның дауысынан оянып кеткен қарсы бөлмедегі әйеліне беттеп, күдікті  бірнеше рет пышақтап өлтірген. Қазір күдіктінің қылмысын дәлелдейтін нақты айғақтар жиналды».

Соттың санкциямен танысқан күдікті, соттың алдында өз уәжін жеткізуді ұмытқан жоқ.

– Бәрін мойындаймын, қылмысты істегеніме өкінемін, – деді 27 жастағы күдікті.

Өз кінәсін мойындап, өткен іске өкінгенімен, бәрі де кеш. Күдіктінің қанша жылға сотталатыны әзірге белгісіз, ал бұл іс біздің де назарымызда болады.

Мөлдір Бекеева