Жасөспірімдер қылмысын азайту және кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтарды болдырмауға бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асыру мақсатында, Түркістан облысы әкімінің бастамасымен әрі қолдауымен мектептерде бейнекамераларды пайдалану арқылы құқықбұзушылықты алдын алу үшін пилоттық жоба қолға алынды.
Пилоттық жоба шегінде Түркістан қаласының №23 орта мектебінің ғимаратына және оқу орнының ауласына Полиция департаментінің жедел басқару орталығымен интеграцияланған 5 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қазір тәртіп сақшылары тәулік бойы балалардың қауіпсіздігін және мектеп оқушыларының ортасындағы қандай да болмасын құқықбұзушылықтар әрекетін уақытылы бақылай алады.
Өз кезегінде, мұндай бейнебақылау камераларын бүгінгі таңда 39 мыңнан астам балалар білім алатын Түркістан қаласының барлық мектептерінде орнату жоспарлануда. Тәжірибе көрсеткендей, бейнебақылау камерасын қою кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық санын айтарлықтай төмендетуге алып келеді.
Бұдан басқа, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Түркістан облысының ЖПҚ полицейлері 30 қаңтар мен 28 ақпан аралығында «Түнгі қаладағы балалар» алдын алу іс шарасын өткізуде. Іс шара өткізу кезеңінде, тәртіп сақшылары арқылы әртүрлі құқықбұзушылыққа қатысты 400-ден астам жасөспірім ПБ-на жеткізілді. Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 10 ата-ана, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол берген — 14 ойын-сауық иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 20 жасөспірім және түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 345 кәмелетке толмағандарды анықтады. Құқықбұзушылыққа бейім – 45 жасөспірім және 43 қолайсыз отбасы есепке алынды.
ТО ПД баспасөз қызметі