Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотында Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің 1-курс құқықтану факультетінің студенттерімен кездесу өткізілді.
Болашақ мамандармен Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Ғалым Мыңбатыров пен сот кеңсе меңгерушісі Г.Себаева емен жарқын әңгімелесті.
Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Ғалым Мыңбатыров: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалды реформаларын іске асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлттық жоспарының 20-тармағына сәйкес барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу қарастырылған. Қазіргі таңда мемлекет бойынша сот отырыстарының барлық залдары 100 пайыз бейне және таспаға жазу жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, сот отырысының уақытылы басталуы, отырыстың барлық кезеңі автоматты режимде жазылады. Бұл отырыс қатысушыларын тәртіпке келтіріп, сот отырысының мәдениетін ұстануға ықпалын тигізеді»- деп студент жастарға сот жүйесі және жаңалықтары туралы толығырақ айтып берді.
Студенттер сот төрелігін жүзеге асыру барысымен жақыннан таныстырғандары үшін сот төрағасына алғыстарын білдіріп, осындай іс-шаралар олардың сот жүйесіне деген оң көзқарасын қалыптастырып, мамандық таңдауға көмегін тигізетінін айтты.
Кездесу соңында студенттер тергеу сотына қатысты өзге де сұрақтар қойып, барлық сұрақтарға сот төрағасы мен кеңсе меңгерушісі толық жауап берді.