Өнер мектебінің өрендері әрдайым көш басында

1270

Өрелі сөзден өрнек құрап, өнердің көрігін қыздырып жүрген өрендерімен мақтанатын білім бесігі. Жыл басы Батырбек Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектебінің шәкірттері үшін табысты басталды. Дәргейі жоғары байқауларда 45 шәкірт марапатқа ие болған.

Өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық, халықаралық өнер додаларында топ жарып жүрген өнер мектебінің шәкірттері қай додаға салсаң да қанжығасы майланбай қайтқан емес. Кезінде айтыстың ақтаңгері атанған Маржан Есжанова басқаратын мектеп Түркістанда өткен «Ақберен» байқауында алты бірдей шәкірті шашасына шаң жұқтырмай, бас бәйгелерді еншіледі. Жеті өнердің басын құрап, шәкірттерін өнер атты бұлақтан сусындатып жүрген білім ошағы ақмаңдай ақтаңгерлерін марапаттады бүгін.

Роза Найманбаева, Б.Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектебінің ұстазы: «Шәкірттеріміз жыл басынан бері бірталай жетістікке жетіп, жүлделер алып келіп жатыр. Кеше Түркістанда өткен республикалық «Ұлы дала ұрпағы» байқауына 49 оқушымыз қатысып, 19 оқушы көркемсурет, қолөнер бағыты бойынша жүлдемен оралды. 35 оқушымыз әдеби музыка бағыты бойынша қатысып, жалпы есепте 15 бас жүлде иелендік».

Суырып салма ақындығымен көзге түскен айтыскер Нұртілеу «Ақберен» байқауында айшықты өнерімен топ жарды. Әділдік пен шындықты ту еткен Ринат Зайытов пен Бекарыс Шойбековты пір тұтатын жас айтыскер келешекте қазақ елінің айтулы айтыскер ақыны болуды мақсат тұтқан. Аяқ астынан суырып салатын ақынжандылығы мен тапқырлығы оны өзгелерден өзгешелейтіні тағы бар.

Айтыста Бекарыс Шойбековтың мақамына салып, ол туралы
«Адам емес еді ғой танымарлық,
Ол ағамды киллер деп атаушы еді.
Атын қойған ғой негізі анық анық.
Қай қарсылас болса да төтеп берем,
Киллердің автоматын алып алып» деп суырып салғанына көпшілік дуылдата қол шапалақтап, қошемет көрсеткен.

Нұртілеу Төленбек, «Б.Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектебінің 9 сынып оқушысы: «Айтыскерлерді бірден жұптап шығарды. Бір бірімізді әлі танымаймыз. Бірден сахнаға шығарды. Қобалжымай, жоғары деңгейде айтыстық. Бекмұрат Анарбай, Ризат Қарсыбай ұстаздарыма алғыс айтқым келеді. Менің белімді қатайтып, өнер додасына дайындады. 8 сыныптан бастап айтысқа шықтым. Мені 9 сыныпқа дейін көптеген додаларға қатыстырды. Ел танитын азулы айтыскер ақын болсам деймін».

«Өнер» мектебінің бұдан өзге «Атадан мұра», «Ұлы дала мұрасы» атты байқауларда топ жарып келген шәкірттер бүгін ұстаздар тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. Алматыда өткен «Ұлы дала мұрасы» байқауында 10 оқушы қатысып, бесеуі бас жүлдемен оралған. Томағасы сыпырылған жас қырандай жас өрендер алда талай мәрелерде топ жаратыны анық.

Гүлжан Көшерова