Стенд атудың «скит» жаттығуында спортшылар мүмкіндігінше көп нысананы дәл көздеуі тиіс. Бұл сайыста екі бағыттан ұшырылатын 125 нысана қарастырылған. Ал мергеннің позициясын жиі өзгерту тапсырманы одан әрі күрделендіреді. Дәл осы жаттығу стенд атудан өтіп жатқан Әлем кубогының шымылдығын ашты.
Скитте басты талап — нысанаға барынша зейін қою. Мерген қаруымен біртұтас әрекет етуі қажет. Болмашы қателік немесе назардың әлсіреуі бағалы ұпайдан қағуы мүмкін. Бұл бағдарламада Шымкент намысын тәжірибелі спортшылар қорғайды. Олардың қатарында Ольга Хайлова, Давид Почивалов, Александр Мухамедиев, Зоя Пискун және Ратмир Еникеев бар.
Скит бойынша жарыс нәтижесі бүгін, 5 мамырда белгілі болады. Шымкенттік бапкерлер шәкірттерінен жоғары нәтиже күтеді. Бұған негіз бар. Өйткені, жергілікті мергендер Шымкент ату мектебінің тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де үздіктер қатарында екенін талай дәлелдеген.
Скит бағдарламасынан кейін қатысушылар «трап» жаттығуына өтеді. Бұл бағытта да отандық спортшылардың жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары. Қазір мергендер дайындықтарын пысықтап, жарыс алаңына бейімделу үстінде.
Айта кетейік, стенд атудан Әлем кубогы Алматы қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ, «Sport Qory» , «KAZ Minerals» тобы және «Орталық Азия Электр энергетикалық корпорациясы» АҚ қолдауымен өтуде. Ал, ұйымдастырушы Қазақстанның ұлттық спорттық ату федерациясы.
Ботакөз Әнуар






