Киім дизайнерлерінің алғашқы ұлттық байқауы өтеді

704
YouTube

Қазақстанда тұңғыш рет отандық киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры ұйымдастырған «ALTYN OIMAQ» байқауы бәсекеге қабілетті отандық брендтерді қалыптастыра алатын кәсіби дизайнерлердің жаңа буынын анықтауға мүмкіндік береді.

«Атамекен» палатасынан мәлім еткендей, байқау алты номинация бойынша өтеді:

– Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны;

– Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорттық киімнің үздік дизайны;

– Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімінің үздік дизайны;

– Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген үйге арналған текстильдің үздік дизайны;

– Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген аксерссуардың үздік дизайны;

– Спорттық аяқ киімнің үздік custom-дизайны;

Байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде өтінімдер байқаудың ресми сайтына 2019 жылдың 4 наурызынан 15 мамырына дейін қабылданады. Екінші кезеңде үміткерлер қоғамдық онлайн-дауыс беруге қатысады және үшінші кезеңде Бас жүлде иегері анықталады.

Еске салайық, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық жеңіл өнеркәсіп саласын қолдау қажеттігі туралы бірнеше мәрте айтқан болатын. 2018 жылдың 5 қазанындағы Жолдауында киім тігетін қазақстандық кәсіпорындарға көмек білдіруді тапсырды. Биылғы 30 қаңтарда Президент Үкімет назарын отандық кәсіпкерлердің өнімдеріне тағы да аударды. Әсіресе, Жастар жылының ашылуы кезінде ұйымдастырылған көрмедегі өнімдердің сапалы екенін атап өтті.