Шардара ауданындағы Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде 2 қабатты 10 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйлеп, бұл игі шара елорданың жаңадан Нұрсұлтан қаласы болып аталуы аясында және «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуіндегі «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» бағыты бойынша жүзеге асып отырған тірлік екенін атап өтті.
Жаңа пәтерге ие болған азаматтың бірі – былтырғы жылы өмірге үшем әкелген көпбалалы ана Гүлжанат Пернебаева. Бұған дейін пәтер жалдап күнелтіп келген жас ана ендігі кезекте өзінің жеке баспанасы болғанына жүрегі жарыла қуанып, осындай шаттық сыйлаған аудан басшыларына алғысын жаудырды. Жаңа қонысқа ие болған көп балалы отбасыға аудан әкімдігі тарапынан кілем сыйға тартылды.
Басқа да жаңа пәтерлер ауылдағы учаскелік полиция қызметкері Дүйсенбек Мұсабековке, ауылдағы Ш.Уәлиханов және А.Әлімбетов атындағы жалпы орта мектептерінің жас мұғалімдері Жұлдыз Жұртбаеваға, Ажар Раманқұловаға, Әділхан Ізбановқа, Мейрамкүл Досхановаға қызметтік үй ретінде берілді. Тағы да 4 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша тапсырылмақ.