Түркістан облысы наурыз мейрамын 9 күн тойлайды

776

Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан облысы алғашқы Наурыз мерекесін 14-22 наурыз аралығында атап өтеді. Бұл жөнінде Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан мәлімдеді.

Ұлыстың ұлы күніне орай өтетін мерекелік іс – шаралардың бірқатары ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Наурыз мерекесін тойлауға байланысты көтерген бастамалары аясында жүзеге асады.

Мерекелік шараға арналған бағдарламалар жөнінде Асылхан Темірханұлы толыққанды мәліметтер берді.

Ертеңнен басталатын мереке – «Көрісу күні» деп аталды. Өңіріміздегі барлық аудан, қалалардағы саябақтар мен алаңдарда сағат 10.00-18.00-ге дейін облыстағы этнос өкілдерімен бірлескен іс-шаралар, концерттік бағдарламалар және көрісулер ұйымдастырылып, бауырсақ, наурызкөже, тәтті тағамдар таратылады.
Облыстық кітапханаларда – сағат 09.00-19.00-ге дейін «Көрісіп, күлімдесіп, мауқын басып…», «Менің елім күндей нұрлы Қазақстан», «Наурыз жыл басы» атты тақырыптарда мәдени іс-шаралар, кітап көрмелері мен танымдық кеш ұйымастырылады.

Облыстық музейлерде сағат 09.00-19.00-ге дейін Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға музейге тегін кіру күні ұйымдастырылып, «Көктемнің шуақты мерекесі-Наурыз», «Отан отбасынан басталады» атты тақырыптарда мәдени іс-шаралар, дөңгелек үстелдер өтеді.

15 наурыз – «Тағзым күні». Бұл күні мешіттер мен мазараттар, балалар үйінде сағат 07.00-15.00-ге дейін дүниеден өткен азаматтардың рухына құран бағыштап, құрбандық шалып, балалар үйлеріне, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға таратылады.

Облыстық кітапханаларда сағат 09.00-19.00-ге дейін «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Мерекелі, берекелі Наурыз той», «Наурыз – жыл басы» атты мәдени іс-шаралар өтеді.

Облыстық музейлерде сағат 09.00-19.00-ге дейін «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Наурыз – ізгіліктің мерекесі», «Дін имандылық ұйытқысы» атты тақырыптарда мәдени іс-шаралар, кездесу кештері өтеді.

16 наурыз – «Тазару күні». Бұл күні облыстағы барлық аудан, қалалар жалпыоблыстық сенбілік (саябақтар мен көшелерді тазалау, ағаш көшеттерін отырғызу) ұйымдастырады.

17 наурыз – «Көктем шуағы күні». Аталған күні Түркістан қаласындағы Рәміздер алаңы мен «Арбат» алаңы, этноауыл ұлттық-мәдени кешені, аудандық, қалалық саябақтарда мерекелік концерттік бағдарламалар, мәдени іс-шаралар, спорттық ойындар (арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, аударыспақ, жамбы ату, қазақша күрес, т.б) ұйымдастырылады.

18 наурыз – «Көктем өрнектері күні». Атаулы күні Түркістан қаласы мен аудан, қалалар қоғамдық көліктер мен мемлекеттік мекемелерді, көшелерді мерекеге сай безендіріп, гүлдер отырғызады. Қала, аудан тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында жастар түрлі ұлттық киімдермен қаланың орталық көшелерінде жаяу әндетіп, әндер шеруін ұйымдастырады.

19 наурыз – «Балалар күні». Түркістан қаласы мен аудан, қалалардағы саябақтар мен алаңшалар және мәдениет ошақтарында сағат 11.00-16.00-ге дейін балаларға арналған іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, цирктік ойындар, театрландырылған қойылымдар, ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырып, тәтті тоқаштар мен балмұздақ таратады.

20 наурыз – «Бірлік күні». Бұл күні Ардагерлер үйлеріне барып, мерекемен құттықтайды.

21 наурыз – «Наурыз» мерекесі күні. «Есімхан», «Арбат» алаңдары мен этноауыл ұлттық-мәдени кешенінде облыс әкімінің қатысуымен «Қош келдің, Әз Наурыз!» театрландырылған мерекелік іс-шарасы, концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері, шеберлік сағаттары, ұлттық спорт ойындары (арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, аударыспақ, жамбы ату, қазақша күрес, т.б), іс-шараны тамашалауға жиналған қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық тағамдардың (палау, наурыз көже, бауырсақ) тегін таратылуы, облыстық музейлерге тегін кіруі ұйымдастырылады.

Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрында сағат 15:00-де Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының Н.Ораздың «Наурыз көже» балаларға арналған қойылымының премьерасы өтеді.

«Есімхан» алаңында сағат 19.00-де Наурыз мерекесіне арналған гала концерт өтеді.
22 наурыз – «Наурыз» мерекесі күні. Түркістан қаласындағы «Есімхан» алаңы, этноауыл ұлттық-мәдени кешені, «Арбат» алаңы мен аудан, қалаларда мерекелік іс-шаралар, жалпыхалықтық серуендер, концерттік бағдарламалар мен ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылады.