Түркістанда құрылысы кешеуілдеп жатқан нысандар да бар

650

Үкімет  басшысы  Түркістандағы құрылыс жұмыстарын тездетуді  тапсырды. Салынып жатқан  нысандарды аралап, сапасына баса назар аударды.

Облыс орталығында салынатын нысандардың құрылысына жауапты өңір әкімдері мен ірі компаниялардың басшыларына нақты тапсырма берді. Нысандар жылдам әрі сапалы салынуы тиіс деп қадап айтты.

Премьер – министр бастаған делегация Түркістан аумағында бой көтеретін 7 мың орындық стадионның құрылысымен танысты. Мұнда жерді нығыздау жұмыстары қарқын алған. Жобалық – сметалық құжатта көрсетілгендей спорт кешені халықаралық талаптарға сәйкес бой көтеруі тиіс.

Бас жоспарға сәйкес салынатын 22 нысанның басым бөлігінің құрылысы басталған. Әлеуметтік, мәдени нысандардың құрылысына жауапты өңір басшылары пайдалануға берілуді де нақтылады. Шымкент қаласының Түркістанға тартуы облыстық ғылыми -әмбебап кітапханасы. Нысан биылдың жылдың соңына дейін немесе  келер жылы көктемде аяқталмақ.

Ағымдағы жылы облыс әкімдігінің ғимараты мен медиаорталығының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Қызылордалықтар Шығыс моншасын биыл пайдалануға тапсырмақ. Тараздықтарда қатардан қалыспай Әзірет Сұлтан  қорығының  құрылысын ЖСҚ дайындап, биыл  жылдың соңында  бітірмек.

Түркістан облысының әкімі жұмыстар кешеуілдеп жатқан нысандар барын да жасырмады. Ал тартуға берілетін объектілердің құрылысы басталмағандарын тізіп шықты. Олар Астана алаңы, Туризм колледжі, жабық бассейні бар спорт кешені және Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев атқарылған жұмыстарды баяндауда

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Асқар  Ұзақбайұлы, әрбір нысан жайында орын алған өзгерістер мен ұсыныстар  хаттамаға енгізілуі керек. Жерді рәсімдеу жұмыстары аяқталып, жобаны әзірлеу мен құрылыс жұмыстарын бастау жөнінде өңірлер мен бизнес өкілдеріне  тапсырма  берсеңіз. Тұрғын үй кешендері мен музыкалық мектеп, «Қазпошта» мен қалалық саябақ, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Смарт сити» жобасы аясында байланыс желілерін тарту бойынша жобалар әзірленуде.

Әкімшілік-іскерлік орталығында жалпы 114 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 1200 пәтерлік арендалық 20 тұрғын үйдің 11-і маусым айында тапсырылады. Ал, 540 пәтерлік 9 тұрғын үй желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Кредиттік 6 тұрғын үй тамыз айында тапсырылады. Олар тиісті инфрақұрылым жүйелерімен жоспарға сәйкес толық қамтамасыз етіледі. «Түркістан» ӘКК және жеке инвесторлардың есебінен 88 тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 10,0 млрд теңгеге 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Қалған 62 тұрғын үйді 2020 жылы тапсыру жоспарланып отыр»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Жиынды қорытындылаған премьер министр атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, Елбасы жүктеген міндеттерді абыроймен орындалатынына сенім білдірді.

Шынар Оразова