Төлебиліктер Наурыз мейрамын дүркіретіп атап өтті

380

Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз мерекесін төлебиліктер дүркіретіп атап өтті.

Төлебиліктер Наурыз мейрамын атап өтті

Аудан орталығы Леңгірде ұйымдастырылған мерекелік іс-шара қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірледі. Ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесіне жергілікті тұрғындары атсалысып, ел бірлігі мен татулығының бекемдігін көрсетті.

Леңгір қаласының орталық алаңында той думан. Қыстан қиналмай шыққан Төлеби ауданының халқы бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат айтып, келешектен бақыт тілеп, Наурызды көтеріңкі көңілмен қарсы алуда. Кемеқалған ауылдық округінің ақ жаулықты аналары халық әнін шырқап көпшілікті бір марқайтты.

Кемеқалған ауылдық округінің ардагерлері «Сәулем-сәулем» әнін шырқады

Гүлбахрам  Қамбарова, Төлеби ауданының тұрғыны: «Халқыма айтарым аманшылық, ауызбіршілігіміз артсын. Қазір заман жақсы. Немере өсіріп отырмыз, біздің жасымызға жетіп құрметке бөленіңіздер».

Шығармашылық ұжымдар ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін қойылымдармен мереке көрігін қыздырды. Алаң аумағында тігілген киіз үйлердегі мерекелік дастарханнан қонақтар дәм татуда. Өскелең ұрпақ көрмеге қойылған жәдігер, бұйымдармен танысуда.

Тасарық ауылы оқушыларының жасаған бұйымы

Қанат Керімбаев, Тасарық ауылындағы мектептің ұстазы: «Түркістандағы кесенені оқушылармен бірге жасадық. Екі аптада бітірдік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үйірмелерде ұл-қыздарға ұмыт қалған қазақ кәсібін үйретудеміз.
Әз Наурыз мейрамының құрметіне халық арасында түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылды».

Ептілігін көрсеткен жігіттерге жиналған қауым қолдау көрсетіп отырды. Орта арнаулы білім ордаларының шәкірттері жетістіктерін туған жеріне арнады.

Мырзадәулет-жеңімпаз

Мырзадәулет Паң: «Жақында Алматыда өткен жарыста екінші орын алдым. Жерлестерімді Наурыз мейрамымен құттықтаймын».

Елдің қамын ойлаған халық қалаулылары төлебиліктерге Солтүстік өңірі жұртшылығының сәлемдемесін жеткізіп, орта және жас буынды кең байтақ жерімізді игеруге шақырды.

Жаңабай Ағабеков, облыс мәслихатының депутаты

Жаңабай Ағабеков, облыс мәслихатының депутаты: «Жақында  ғана Павлодардан келдім, 1 мыңға жуық жерлестеріміз қоныстанды. Шаруашылықтарын жүргізуде. Ниет білдіргендердің саны артуда. Сіздерді Солтүстік Өңіріне шақырамын».

Халықты ауызбіршілікке шақырған ел ағалары «игі бастамалар жүзеге ассын, Жаңа Жылда астығымыз мол, жаңашылдығымыз берекелі болсын» деп ақ батасын берді.

Шынар Оразова