Зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер ашық есік күнінде түсіндіріледі

173

19 наурызында БЖЗҚ барлық филиалында биылғы жылы тұңғыш рет «Ашық есік күні» шарасы өткізіледі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғындар арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Осы жұмыстар аясында салымшылар мен алушыларға зейнетақы жүйесіне қатысты маңызды сұрақтар бойынша ақпарат беріліп жатыр.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты мақсат – зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңайлату мақсатында зейнетақы заңнамасына мынадай өзгерістер енгізілді:

– егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салық агенті болса, жеке тұлғаларға, олардың ішінде фрилансерлерге берілетін табыстан міндетті зейнетақы жарналарын осы салық агенті төлейтін болады;

– егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жеке тұлғамен жасалған болса, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу – фрилансердің міндеті емес, құқығы болып табылады;
– егер жеке тұлға жалдамалы жұмысшы болса және азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғамен жасаса, онда осы шарт бойынша міндетті зейнетақы жарналарын төлеу оның міндеті болып есептелмейді. Бұл ретте жарналарды есептеу үшін алынатын ең жоғары жиынтық жылдық табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 12 еселенген сомасынан аспауы тиіс.
Биылғы жылғы жаңа енгізілімдердің бірі – жеке зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылуы. Яғни, 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін Қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның Қорда міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылған шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен кезде шот автоматты түрде ашылады.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) іске қосылды. Сол арқылы қатарынан төрт төлемді:

– мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салығын;
– БЖЗҚ-ға төленетін міндетті зейнетақы жарналарын;
– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды;
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік жарнаны жүзеге асыруға болады.

Зейнетақы заңнамасына басқа қандай өзгерістер енгізілгені туралы Қор мамандары «Ашық есік күні» шарасында толыққанды түсіндіретін болады.
Аталмыш шара 2019 жылдың 19 наурызында сағат 10-00, Шымкент қаласы, Байдибек Би даңғылы, 45 мекенжайында орналасқан «БЖЗҚ» АҚ Түркістан облыстық филиалында өткізіледі.