Зейнетақы жарнасы дұрыс аударылмаған. Қайтеміз?

429

«Зейнетақыма көңілім толмайды». «Зейнетақымды дұрыс есептемеген». «Еңбек өтілімнің әр жылына қосылатын 2% үстемақыдан қағылып отырмын». Редакцияға осындай уәжбен хабарласатандар көп. Оқырмандарымыз құзырлы мекемеден тұщымды жауап ести алмай, бізден көмек сұрайды. Жәмила Әшірова сондай оқырманымыздың бірі. Айтуынша, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, 24 жылдық еңбек өтілімі үшін базалық зейнетақысына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 0,82 пайызы қосылуы керек. Алайда осы уақытқа дейін зейнетақысына ешқандай «пайыздар» қосылмаған. «Өзіме тиесілі қаражаттан қағылып отырмын» деген әжейдің жағдайын естіп, мәселенің анық-қанығын анықтадық.
Әлқисса…


Әшірова Жәмила Маханбетқызы – 1958 жылы туған. III топ мүгедегі. 6 баланың анасы. Кезінде Отырар ауданының М.Әуезов атындағы орта мектепте от жағушы болып жұмыс істеген. Қысқартуға ілініп, 2001 жылдың сәуір айында жұмыстан шығып қалады. Ауылда екі қолға бір күрек табылмай, отбасымен Шымкентке қоныс аударыпты. Шиедей баланы асырау оңай емес. Сондықтан күйеуінің табысына қосымша болсын деп «майда-шүйдеме»» айналысып күнелтеді. Балаларын оқытады, жетілдіреді. Сөйтіп, 2013 жылы Заңға сәйкес, көпбалалы ана статусымен 53 жасында зейнеткерлікке шыққан.
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде базалық зейнетақыны есептеу механизімі өзгерді. Яғни, алдын барша зейнеткердің базалық зейнетақысы бірдей болған болса, енді оның мөлшері еңбек өтіліне қарай есептеледі. Осы ретте Жәмила Маханбетқызы «мамандар менің стажымды дұрыс есептемей отыр» деді.

 

Кеңсеге бармай-ақ, үйде отырып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы салымдарының қалай түсіп жатқанын бірнеше тәсілмен білуге болады
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының клиенттеріне арналған мобиль қосымшасын орнату;
БЖЗҚ -ның enpf.kz сайтындағы жеке кабинетке кіріп, мәлімет алу;
«ЖЗШ-дан үзінді көшірмені e-mail-ға алу» электрондық қызметін пайдалану;

 

ЕҢБЕК ӨТІЛІ 20 ЖЫЛ 6 АЙ

Кейіпкеріміздің тіркеудегі мекенжайына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы филиалының Абай ауданындағы бөлімшесіне бардық. Бөлімшенің басшысы Бағлан Байкенжеев зейнеткер Жәмиля Маханбетқызының уәжін өз аузынан естіді.
– Мен 1998 жылға дейін де, 1998 жылдан кейін де Отырар ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте отжағушы болып қызмет еттім. 1998 жылға дейін біздің ақшаларымыз «СИК-ке» аударылатын. Ал менде бір емес, 3 СИК болған екен. «Жоғалтып алдым» деп аша беріппін ғой. Енді сол СИК-тің біріндегі ашқаны алдым да, қалғандары табылмай жатыр. Олардың қайда кеткені білгісіз? Бұл – бұл ма? 1998 жылдан кейінгі 4 жылдық еңбек өтіліміме үстемеақы ретінде әр жылға 2 пайыздан қосылуы керек еді. Бірақ ол да жоқ. Қайда барсам да мардымсыз жауап береді. Менің барлық стажым еңбек кітапшасында тайға таңба басқандай көрсетілген,- деді зейнеткер.

Жәмила Маханбетқызын тыңдаған Бағлан Байкенжеев оның барлық құжатын мұрағаттан алдырып, тағы бір сүзіп шықты.

– Әшірова Жәмиля Маханбетқызының 5 және одан да көп баласы болғандықтан ол 2013 жылы 53 жасында зейнетке шыққан. Бала күтіміндеге 3 жылдық декреттік демалысты (әр балаға) және 1998 жылға дейін істеген жұмысын есептей келе бұл азаматшаның стажы 20 жыл 6 айды құрады. Осыған дейін бұл азаматша 3 топ мүгедегіне берілетін жәрдемақыны алып келген. Мұндай жағдайда зейнеткердің алдына таңдау қойылады. Оған жәрдемақы мен зейнетақының бірін таңдау керек. Сомасын есекере келе, ол зейнетақыны таңдаған. Сөйтіп бұл кісіге 19 066 теңге көлемінде зейнетақы тағайындалды. Оған 9 330 теңге базалық зейнетақы мен «Күміс алқасы» үшін 10 578 теңге қосылды. Жыл сайын ынтымақты зейнетақы мен базалық зейнетақының мөлшері артып келеді. Осы аралықта бұл кісінің де зейнетақысы біршама өсті. Қазір 74 мың көлемінде зейнетақы алады,- дейді Бағлан Байкенжеев.

«БЖЗҚ» АҚ call-орталығының
тел: 1418

Абай ауданы бойынша ЗТМО-ның мекенжайы: Темірлан тас жолы н/ү.
Тел: 99-87-00

Әл фараби аудан бойынша ЗТМО-ның мекенжайы: Орманов көшесі,
1 үй. Тел: 99-87-04

Еңбекші ауданы бойынша ЗТМО-ның мекенжайы: Республика даңғылы, «Рахат» аялдамасы,
тел: 99-87-02

Қаратау ауданы бойынша ЗТОМ-ның мекенжайы: Бәйдібек би, 1 үй.
Тел: 99-87-07

Ал 2018 жылдың 1 шілдесіндегі өзгерістерге қатысты былай деп жауап берді.

– 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліміне және 1998 жылдан кейінгі БЖЗҚ-ға аударылған зейнетақы жарналарына қарап есептеледі. Яғни, 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліміне еңбек кітапшасы, ал 1998 жылдан кейінгісіне БЖЗҚ-ға аударылған жарналар дәлел болады. Біздің базаға бұл кісінің 1998 жылға дейінгі еңбек өтілімін дәлелдейтін барлық құжаттары мен еңбек кітапшасының көшірмелері енгізілген. Соған сәйкес, оның еңбек өтілімі 20 жыл 6 айды құрап отыр. Біздің тараптан ешқандай қателік жоқ. Енді сіз 1998 жылдан кейінгі стажыңызды дәлелдеу үшін БЖЗҚ-ға баруыңыз керек,-дейді маман.

«ПЕНСИОНКАСЫ» ЖОҚ»!

Біз де солай істедік. Келесі барған мекемеміз БЖЗҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалы болды. Филиал директорының орынбасары Әбдімұрат Исабаев кейіпкеріміздің барлық құжаттарын қарап шықты. Белгілі болғандай, Жәмила Маханбетқызының даулап жүрген еңбек өтілімінің 4 жылына шынымен де ешқандай үстемеақы қосылмаған. Оған 1998 жылдан бертін келе жұмыс істеген жылдары үшін әр сай сайын БЖЗҚ-ға оның атынан зейнетақы жарналарының аударылмағаны себеп екен. Осы ретте маман қолдан келер шара жоқ екенін айтты. Себебі, сол жылдардағы еңбек өтілін тек қорға аударылған қаржымен дәлелдеуге болады. Ал аударылған қаржы болмаса, еңбек өтілі де, соған сәйкес төленетін үстемеақыда жоқ.

БЖЗҚ ОҚО филиалы
мен бөлімшелерінің мекенжайы
мен жұмыс кестесі

Бәйдібек би, 45
Дүйсенбі-жұма: 08:00-19:00,
Сенбі 09:00-13:00

Мәделі Кожа, 35/1
Дүйсенбі-жұма: 08:00-19:00,
Сенбі 09:00-13:00

Темірлан тас жолы,1/22
Дүйсенбі-жұма: 08:00-19:00,
Сенбі 09:00-13:00

Ибрагим Ата, 101/3
Дүйсенбі-жұма: 08:00-19:00,
Сенбі 09:00-13:00

– Жәмила апай сияқтылар өте көп. Бірінің – зейнетақы жарналары дұрыс аударылмаған болып шығады ал ендібірнінде – оның соммасы дұрыс көрсетілмеген, одан көп жарна ұстаған деп өкпесін білдіріп жатады. Әсіресе, жұмыс істесе де, қордағы есепшотына бір де бір жарна аударылмағандар көп. Сондықтан да жинақтаушы қорының қатысушысы болып табылатын әрбір азаматқа өзінің қордағы аударымдарын тексеріп тұруға кеңес беремін. Бұл – түрлі олқылықтардың алдын алуға және болашақта алатын зейнетақы мөлшерін арттыру жолдарын қазірден бастап ойластыруға мүмкіндік береді,-деді Әбдімұрат Исабаев.

1 АУДАРЫМ – 1 АЙЛЫҚ ЕҢБЕК ӨТІЛІ

Әбдімұрат Исабаевтың сөзінше, 1 аударым – 1 айлық еңбек өтіліміне тең есептеледі. Егер де 3 айдың немесе 6 айдың зейнетақы аударымы 1 айда жасалса, ол 1 айлық еңбек өтілі болып табылады. Сондықтан да тоқсандық аударым жасаған кезде аударымның қай айларға жасалып жатқанын көрсету керек. Жәмила Маханбетқызының жағдайында оның зейнетақы қорындағы шотына 1998 жылдың наурыз айында бір-ақ рет аударым жасалған. Оның сомасы да мардымсыз, тіпті қай аралыққа аударылғаны да көрсетілмеген.

– Қорға аударылып жатқан ақшаның жай-күйін үзінділерді алу арқылы білуге болады. Үзінді ақысыз, яғни тегін беріледі. Ал егер БЖЗҚ-ға келуге мүмкіндік болмаса, үйде отырып-ақ, компьютер не телефон арқылы да ақпаратқа қол жеткізе аласыз. Бірақ бұл үшін бізге жеке куәлікпен келіп, жеке код алуыңыз қажет. Сосын сол кодты енгізу арқылы қорға қашан, қанша теңге көлемінде аударым жасалып жатқанын біліп отыруға мүмкіндігіңіз бар. Бұл сомма сіздің жалақыңыздың 10 пайызын құрайды. Егер де жұмыс беруші тиісті аударымдарды жасамаса, еңбек инспекциясына шағымдануға болады,- дейді маман.

ЕНДІ ҚАЙТПЕК?

– Бұл сауалға жауап бере алмаймын. Бәлкім еңбек кітапшасын негізге ала отырып, сол жылдарды негізгі зейнеткерлік стажына қосуға болатын шығар, – деді Әбдімұрат Исабаев.
Осыны негізге ала отырып «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына Шымкент қаласы филиалының Абай ауданындағы бөлімшесіне қайта бардық. Жағдайға қаныққан мамандар әбден тығырыққа тірелді. Оның үстіне осындағы қызметкердің бірі Жәмила Маханбетқызының бұрынғы бас есепшісі екені мәлім болғанда жағдай тіпті ушығып кетті. Мамандар кейіпкерімізге көмек қолын созып, мәселесін шешіп беруге тырысып бақты. Зейнеткердің құжаттарын қайта-қарап сотқа арыздануға кеңес берді. Құжаттарды қайта қарады.
– 1998-2001 жылдар аралығындағы еңбек өтілімді сот арқылы дәлелдеп келген жағдайда, соттың шешіміне (қанша жыл екенін сот шешеді) сүйене отырып есептелмей қалған стажыңызды жинақтаушы емес, негізгі еңбек өтіліміңізге қосып береміз. Бұл шамамен сіздің зейнетақыңызға 1700-2000 теңгенің қосылуына септігін тигізеді, – дейді Бағлан Байкенжеев.
Айтпақшы, Жәмила Маханбетқызының қолындағы құжаттарды тексере келе мүгедектігіне тағайындалатын арнаулы жәрдемақыны алуға мүмкіндік беретін «еңбекке жарамсыз қағазын» өткізбегені мәлім болды. Осылайша ол білместігінен 2011 жылдан бері құжат өткізбей шамамен ай сайын берілетін 1500 теңгеден қағылған. Сондықтан да енді уақытты оздырмай ХҚКО-барып қолындағы құжатты сонда тапсырды. Редакцияға алғысын жаудырған әже осы уақытқа дейін талай табалдырықты тоздырса да өзіне жөн сілтейтін адамның табылмағанын айтады. Ендігі кезекте заңгермен кеңесіп, құжаттарын сотқа құнттамақ.
Әшірова Жәмила Маханбетқызының мәселесі біздің редакцияның назарынан тыс қалмайды. Соттың қандай шешім қабылдап, мәселенің қалай шешілгенін бақылаймыз. Ал кейіпкеріміздің кейпін кешпеу үшін өзіңіздің құжаттарыңызға аса мұқият болып, өз құқықтарыңызды біле жүріңіз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №4, 23 қаңтар 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті