Қазақстанда айыппұл мөлшері төмендейді. «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында айыппұл мөлшерін азайту қарастырылып отыр. Жобаны бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев ұсынды.
Заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтардың кейбір құрамдарын алып тастау көзделген. Сондай-ақ, жекелеген санкцияларын жеңілдету және төмендету жағы да қарастырылған. Әділет министрінің айтуынша, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың кейбір құрамдарын азаматтық немесе тәртiптiк iс жүргiзу арқылы қарауға болады екен.
Заң жобасын жіті таныстырып шыққан Марат Бекетаев қырық төрт құрам бойынша айыппұл мөлшерін азайту, он құрам бойынша әсіре қатаңдықты төмендету, алты құрам бойынша ескерту енгізуді ұсынды.
Айыппұл жайы талқыланған Мәжілістің жалпы отырысында баспанаға қатысты жағымды жаңалық та айтылды. ТҚЖБ өкілі мәжілісмендерге екі пайызбен баспана несиесін алудың шарттары мен мерзімін тәптіштеп түсіндіріп өтті. Айтуынша 2-3 пайызбен ипотека беру мамырда басталады екен. Әкімдіктер тізімде тұрғандар аясында көпбалалы аналардың және мүгедек балалары бар отбасылардың екі пайыздық несиемен баспана алу мүмкіндігі бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жолдама береді. Жеңілдетілген ипотеканы көпбалалы отбасыларымен қатар, толық емес, мүмкіндігі шектеулі балалары бар және кірісі төмен отбасылар алуға құқылы.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заң жобасын халық қалаулылары бірінші оқылымда-ақ мақұлдады. Ал қаржылық-экономикалық негіздеме жасалған тұрғын үйге қатысты құжат экономикалық сараптамадан өтіп жатыр. Ұлттық экономика министрлігі мақұлдағаннан кейін, барлық тиісті құжаттар рәсімделе бастайды.
Мақпал Рысбаева