Сарыағаш ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Асанұлы Ғанижан, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Саудабаев Елдос Ермағамбетұлы «Қапланбек» және «Жібек жолы» кеден бекетіндегі кептелістерге қатысты әлеуметтік желідегі бірқатар азаматтардың наразылық келтіруіне байланысты ауданы әкімінің орынбасары С.Тасқұлов және БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.

«22 сәуір күні әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Facebook-тегі өз парақшасында «Қапланбек» және «Жібек жолы» бақылау-өткізу бекеттерінде азаматтардың күн бойы кезек күтіп тұрғаны туралы ақпаратты фотосуреттерімен бірге жариялаған болатын. Аталған ақпарат бойынша шекарадан өткізу посттарына арнайы келіп, кеден бекеттерінің жұмысымен танысып шықтық. Бүгінгі таңда, бекеттерде қалыпты жағдайда қызмет көрсетілуде. Норматив бойынша күнделікті бұл посттардан 10 мыңға жуық адамдар өтуі тиіс. Ал, бүгінде өтуші азаматтар көп болғандықтан, бір күннің өзінде 22 мыңға дейін азаматтар өткізіліп, стандарттарға сәйкес, әр азаматтың құжатын тексеру үшін 3 минут уақыт берілгенімен, постта өтуші азаматтардың көп болуына байланысты 1 минутқа жеткізбей тексеріп өткізуде. Біз көрген залдарда 9 терезе арқылы қызмет көрсетілуде, әр терезеде 2 қызметші қызмет көрсетуде. Ешқандай кезек, кептеліс жоқ. Шекара қызметкерлерінің ақпаратына сәйкес, кей күндері Өзбекстан Республикасы аумағынан азаматтар автобус арқылы өтетін кездері кезек күту орын алады. Ол уақытта да азаматтарға жылдам қызмет көрсетіледі. Біз көрген залдарда азаматтардан ешқандай наразылық туындау жағдайлары жоқ, бекеттер қалыпты жағдайда жұмыс жасап жатыр» — деп баяндама жасады ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Асанұлы Ғанижан.